Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 6 қаралым

Қазығұрт тұрғындарының қорқынышы

Түркістан облысында ауылды селден қорғау үшін қазылған орға төрт түлік түсіп өліп жатыр.

Түркістан облысында ауылды селден қорғау үшін қазылған орға төрт түлік түсіп өліп жатыр. Тіпті балалардың да құлап кеткен жағдайлары тіркелген. Жаз басында Қазығұрт ауданына қарасты Жіңішке ауылын сел басқан соң, жергілікті билік елді мекеннің ортасынан өтіп жатқан Жіңішке деп аталатын өзенді кеңейткен. Бірақ ел осыдан зардап шегіп, азарда-безер болып отыр.

Биыл маусым айында Қазығұрт ауданы, Жіңішке ауылын сел басып, тұрғындарды біраз әбігерге салған еді. Осы жағдай қайталанбас үшін жергілікті билік ауылдың ортасынан өтіп жатқан Жіңішке өзенін бойлай қазған. Бірақ ұзынсонар ор қарашаға қиындық тудырып отыр. Терең арыққа түскен мал көбіне шыға алмай, балшыққа батып өледі екен. Тұрғындармен ақылдаспай пайда болған ордан енді тұрғындар балалары үшін үрейленеді.

ЖАҚСЫБАЙ ОМАРБЕКОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мысалы, бір үйден 7-8 бала оқиды. Олардың көбісі кішкентайлар. Қалай өткізеді, кім өткізеді, кім алып жүреді? Әке-шешесі жұмысқа бара ма, жоқ мектепке апара ма? Егер жағдай жасап, көпіріміз бәрі дұрыс болса, біз еш ойланбастан балаларымызды мектепке жібереміз. Қазір мектепке бармай-ақ уайымдаймыз, ана жерге барып түсіп кетті ме, жоқ әлде бірдеңе болды ма деп. Енді түсіп кеткен жағдайлар болып жатыр. Менің көршімнің баласы 2 мәрте түсті, құлап, су алам деп құлаған да.

Бұрын ауылда Жіңішке өзенінен өтетін оннан астам өткел болған екен. Қазір барлығын алып тастап, тек біреуін ғана қалдырыпты. Оның өзіне елді мекен басында тұратындар айналып барулары қажет. Сондықтан қазір бір ізді өткел істеп, содан ілекерлеп өтіп жүр. Бірақ онысы бір жауын жауса, шайып кетеді дейді өздері. Әсіресе оқу жылы басталғанда балалар қиналатын болды деп алаңдаған жұрт қосымша көпірлер салып, қопарылып жатқан екі жағын реттеп берсін деп талап етіп отыр.

МӘЛІК ҚАЛЫБАЕВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ертең лайсаң жаңбыр түссе, мектепке де бара алмайды. Арғы беттегілер бергі бетке, бергілері арғы бетке өте алмайды, жол жоқ. Бұрын болған. Халық жиналып, мына тротуар жатыр, анау тротуар жатыр, халық арғы-бергі бетке қатынас жасап жүрген жол еді. Жолды бұзып кетті. Енді соның орнын жөндеп берсе деген өтінішіміз. Айтылған, бірақ істелген жоқ.

Селден құтқару үшін қазылған арықтар қауіптің көзіне айналды дейді жергілікті жұрт. Себебі көп мөлшерде су келсе, арнасы тасып, үйлерді түгел алуы мүмкін деп отыр.

СЕЙІТҚАСЫМ ДҮЙСЕБЕКОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді су келетін болса, бұл деңгейден де көп келуі мүмкін. Бүкіл адырдың суының бәрін осы арыққа бұрып жатыр, бұрып қойған да. Енді мына адырдың суларының бәрі осы арыққа келгеннен кейін мына арық толады. Артық қыламыз деп тыртық қып тұр ғой, көріп тұрсыздар ғой. Мынаны жөндеп те істеп кетпеген.

Ал аудандық жауаптылар селден осылай ғана құтылуға болады дейді. Жіңішке өзенін кеңейтіп, су Келес өзеніне құятындай жоспарлаған екен. Енді 59 миллион теңгеге бірнеше өткел қоймақшы екен. Бірақ айналасындағы қопарылған жерлер осылай қалады деп отыр.

НҰРСҰЛТАН МЕДЕУОВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

59 миллионға не істейсіздер? 2 көпіріміз бар, бір автомобиль өтетін, одан кейін 2 жерде адамдар өтетін, жоғары жағында және төменгі Жіңішкеде сол бар. Одан кейін 3 жерден адамның үйлеріне кіріп-шығатын жол жоқ, сол жерге дюбинг қою, көпір сияқты көпірлерді қойып береміз. Ол айрап-жайрап емес, қолдан келгеннің бәрі тазаланды ғой. Оны қалпына келтіріп айта алмаймыз.

Жұмыс қыркүйекке дейін басталады деген шенеунік өткелдер қоюмен шектеледі екен. Алайда тұрғындар өзеннің жағасын ретке келтіріп беруді талап етіп отыр. Істі соңына дейін тиянақты атқармайтын болса, орға айналдырып қазудың қажеті қаншалықты деп ашулы.

← Барлық жаңалықтар