Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 3 қаралым

Жаһандағы өзге де жайттар

Қытайда жасанды интеллект кеңесіне сенген фермер шығынға батты, АҚШ-та жыныс ауыстыру операцияларын қаржыландыруға тыйым салынды.

Біз жұмыс күші көбейді деп қуанып жатсақ, көрші Қытайда кәсібіне қатысты көмекті мамандардан емес, жасанды интеллектен сұраған фермер жыларман күйде жүр. Егінге дән сеуіп, дақылды күтіп-баптауда ЖИ-дің айтқанымен жүріп, айдауына ерген кәсіпкер дымсыз қалыпты. Ал АҚШ-та енді жынысын ауыстыратындар азаяды. Дональд Трамп осы мақсатқа деп қазынадан ақша бөлуді толық тоқтатты.

ЖИ ТАҚЫРҒА ОТЫРҒЫЗДЫ. ҚЫТАЙ

Жасанды интеллектке толық арқа сүйеудің қажеті жоқ сияқты. Бұған адамзат баласы тағы бір мәрте көз жеткізді. Қытайда нейрожүйеге құдайдай сенген фермер тақырға отырды. Ақылды технологияның салғырттығынан 10 гектардан астам күнжіт алқабы жарамсыз жағдайға түсті. Аньхой провинциясындағы 67 жастағы кәсіпкер бұған дейін нейрожүйеден тұқымды уақытында себу, тыңайтқыштарды шашу бойынша бірнеше кеңес сұраған екен. Ал шілде айында тұрғын арам шөптер және зиянкестермен күресемін деп тағы қайырылған. Жасанды интеллект болса, құдды бір тәжірибелі агроном тәрізді бірнеше жол сілтепті. Бір өкініштісі, дәрі-дәрмекті сеуіп біткен соң, көп ұзамай есіл еңбек далаға кеткен. Енді шығынды фермерге кім өтеп беретіні белгісіз.

ШАХТАДАҒЫ АПАТ. ОҢТҮСТІК АФРИКА РЕСПУБЛИКАСЫ

Пайдалы қазбаларға бай Оңтүстік Африка Республикасында қайғылы оқиға. Елдің платина өндіретін шахтасында тау массасы бір топ жұмысшыны басып қалды. Соңғы деректерге сәйкес, апаттан 14 адам опат болып, тағы 8 тұрғын ауыр жарақат алған. Ал құтқарушылар тау-тас басып қалған аймақта іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Себебі үйінді астында адамдар болуы мүмкін. Сондай-ақ билік нақты қанша тұрғын зардап шеккенін дөп басып айта алмай отыр. Болжам бойынша, Солтүстік-батыс провинциясындағы бұл шахта заңсыз жұмыс істеген екен. Әупірімдеп аман қалған жалдамалы қызметкерлердің барлығы Лесото елінің азаматтары. Айта кету керек, заңсыз пайдалы қазба іздейтіндер Оңтүстік Африка билігінің бас ауруына айналғалы біраз болды.

ЖЫНЫС АУЫСТЫРУҒА ҚАРСЫ ШЫҚТЫ

АҚШ азғындықтан біржола бас тартайын деді. Себебі Дональд Трамп жыныс ауыстыру бойынша барлық операцияларға қазынадан қаржы бөлуге қатаң тыйым салды. Американың медициналық бағдарламасы аясында кәмелетке толмағандардың гормоналдық ем-дом шараларына бұған дейін қазынадан миллиардтаған доллар аударылып келген екен. Трамптың қатқыл мәлімдемесін Ақ үйдің ресми парақшасы жариялады. АҚШ президентінің есебінше, соңғы бір жарым жылдың ішінде Американың ондаған ауруханасы ерекше қызметтен бас тартып та үлгерген. Енді тыйым жыныстық жетілуді тежейтін дәрілерді сатып алуға, гормондық препараттарға, хирургиялық операциялар жүргізуге бағытталады. Бұл ереже қазан айының 13-інен бастап күшіне енеді.

КЕЛІССӨЗДЕР ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ

Иран билігі мен Трамп әлі бір келісімге келе алар емес. Ормуз бұғазының болашағы туралы уағдаластық нешінші рет тығырыққа тірелгенін қос тарап та ұмытып қалған сыңайлы. АҚШ президенті Тегеранның қисынсыз талабына қарсы шарттарын жариялады. Ал Иран билігі бітімгерлікке қол жеткізу үшін бірнеше шарт қойып отыр. Оның ішінде парсылықтар әскери қақтығыстарды толық тоқтатып, аймақтан барлық Америка сарбаздарының кетуін талап етеді. Сондай-ақ Ислам Республикасына салынған санкциялардың түгел алынуын қалайды. Бұдан бөлек, Тегеран бұғатталған шетелдердегі активтерінің қайтарылуын және АҚШ-тың шабуылынан келген шығындарға өтемақы төленгенін құп көреді. Десе де, Вашингтонның жауабы да көп күттірмеді. Трамп та соңғы он жылдағы кикілжіңдерден қаза тапқан сарбаздардың құнын даулап шыға келді.

← Барлық жаңалықтар