Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 3 қаралым

Құрылтай сайлауына 10 күн қалды

Құрылтай сайлауына 10 күн қалды.

Шығыстан Батысқа дейін… Құрылтай сайлауына 10 күн қалды. Партиялар арасындағы тартысты бәсеке қызып жатыр. Болашақ депутаттар Ақтөбеде флешмоб өткізіп, Семейде жұмысшылармен жолығып, Қонаевтағылардың мәселесін тыңдап, өңірлерді аралауын жалғастыруда.

«Әділеттіктер» Алматы облысына табан тіреді. Саяси партияның өкілдері Қонаев жұртшылығымен жүздесіп, жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Жиналғандар өңірдегі жол, инженерлік желілер мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты бірқатар жайттарды жасырмай айтты. Сондай-ақ болашақ депутаттар Қонаев пен Алатау қаласын дамыту, инвестиция тарту мен туризм саласын кеңейту бойынша өздерінің пікірлерін білдірді. Облыстағы негізгі мәселелердің тағы бірі — жұмыспен қамту. Осы мәселелерді ескере отырып, партиялықтар өздерінің ұсыныстарын да жеткізді.

АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мемлекет басшымыз еліміздің жалпы ішкі өнімін екі есеге арттыру жөнінде нақты тапсырма берді. Қазір мемлекет осы бағытта өзінің жұмысын белсенді жүргізіп келеді. Мемлекет басшымыз елге көптеген инвестиция алып келу үшін шетелдік сапарларында да белсенді жұмыс істеп жүр. Оны бәріңіз көріп жүрсіздер. Елімізге келіп жатқан сапалы инвесторлар, әлемдік алпауыт компаниялар біздің инвестициялық климаттың жақсы екенін мойындайды.

Ақтөбеліктер ерекше сәттің куәгері болды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері «20 белес» атты флешмоб ұйымдастырды. Акцияның атауы да кездейсоқ таңдалмаған. Партия өкілдерінің айтуынша, бұл бастама алдағы кезеңдегі маңызды мақсаттар мен қоғамдық өзгерістерге назар аударуды көздейді. Әр белес — ел дамуына қатысты нақты міндеттер мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұсыныстарды білдіреді.

Ал Семейде кандидаттар тұрғындармен интерактивті жұмыс сессиясын өткізді. Кездесу барысында қала тұрғындары облыс орталығындағы өзекті мәселелерді атап, оларды шешуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

РҮСТЕМ САРМАНОВ, ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ СОЦИАЛ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ АБАЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Артымызда қаламыздың үлкен картасы тұр. Мұнда тұрғындар өздері үшін маңызды мәселелер бар жерлерді белгілей алады. Мысалы, жолдардың жағдайы, балалар алаңдары, әлеуметтік нысандар немесе экология мәселелері. Қазір тұрғындардың ұсыныстары мен мәселелерін тыңдаймыз. Кейін оларды саралап, шешуді қажет ететін негізгі мәселелерді анықтаймыз.

Қалдықтарды қайта өңдеп, оны жаңа ресурсқа айналдыру қажет. Жылу электр станциясының жұмысшыларымен кездесуде «Байтақтықтар» осылай деді. Сондай-ақ басқосуда жылу энергетикасын жаңғырту мәселесі де талқыланды. Салаға қатысты бірқатар ұсыныс та айтылды. Мәселен, жұмысқа ыңғайлы жағдай жасау, жалақы мәселесі көтерілді. Сондай-ақ жұмысшылар өз тарапынан сауалдарын қойды. Саяси ұйымдағылар негізгі жайттарды өздеріне түртіп алды. Және де партияның негізгі тұғырнамасына тоқталып, алдағы науқанның маңыздылығын атап өтті.

ЕРЖАН ЖАРЫЛҚАСЫН, «БАЙТАҚ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жиында көп жастар болды. Жастарды мазалайтын сұрақтар көп екен, әсіресе осы экология жағында. Өте қуанышты нәрсе. Себебі болашақ жастарымыздың қолында. Ең басты бір сұрақ АЭС туралы болды. Одан кейін қазіргі ТЭЦ көмірмен істейді, соны газға ауыстыру да талқыланды. Меніңше, жақсы өтті, жастарға рақмет.

Өндірісті өркендету, бизнесті қолдау және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Семейліктермен кездесуде «Ақжолдықтардың» көтерген негізгі бағыты осы болды. Бір күнде бірнеше жиын өткізген кандидаттар ең әуелі өңірдегі ең ірі кәсіпорынға барды. Мұнда өндіріс ошағының тыныс-тіршілігімен танысып, жұмысшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы, жалақыны өсіру және еңбек жағдайын жақсарту жайттары сөз болды. Саяси ұйым өкілдерінің айтуынша, отандық өндірісті күшейту жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, аймақтың экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды тетігі.

ДАНИЯ ЕСПАЕВА, «АҚ ЖОЛ» ҚАЗАҚСТАН ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қасиетті Абай еліне келіп, өндірушілермен, кәсіпкерлермен кездесіп отырмыз. Бірінші кездесу мына «Семей цемент» ұжымымен кездесу болды. Көптеген мәселелерді талқыладық. Соңғы Парламенттегі қабылданған заңдарды түсіндірдік. Айтылған ұсыныстарды да өзімізге жазып алдық. Себебі болашақта Құрылтайға өтсек, біз әрине бұл мәселеге назар аударамыз, міндетті түрде.

← Барлық жаңалықтар