Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 3 қаралым

208 бала ұлттық қолөнерді меңгерді

Бірі саз балшық илеп, енді бірі киіз басып, былғары мен ағаштан бұйым жасауды үйренді. Астанадағы «Ұлттық қолөнер мектебі» 200-ден аса жастың басын қосты. Қатысушылардың ең кішісі 8-де, 20 жасқа дейінгі бозбала мен бойжеткен бар. Үш апта бойы олар зергерлік өнер, кілем тоқу, сүйек ою, қышты игеру, сондай-ақ ағаш пен теріні өңдеуді меңгерді.

ЖҰПАР БИСЕНОВА, ШЕБЕР:

Керемет өтті десем болады. Себебі балалардың қызығушылығы таң қалдырды. Сабақтан қалмастан ұдайы келіп жүрді. Балалардың сұрақтары көп болды. Қандай материал екенін білгісі келді. Барынша сұрақтарына жауап беруге тырыстық.

Бұл мектепке келуге ниеттілер аз болмаған. Ұйымдастырушыларға 450-ден астам өтінім түсіпті. Ал ұстаздық етуге еліміздің әр өңірінен 331 шебер ниет танытқан. Арнайы комиссия олардың арасынан үздіктерін іріктеді. Қорытынды іс-шарада шәкірттердің қолынан шыққан туындылар көрмеге қойылып, түлектерге сертификаттар табысталды.

ТАҢШОЛПАН ЖАУЫНБАЙ, ҮЙЛЕСТІРУШІ:

Бұл жобаны алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, ата-аналар мен оқушылар тарапынан жобаны жалғастыру туралы ұсыныстар болды. Команданың тағы бір мақсаты — жобаны республикалық деңгейде, өңірлерде ұйымдастыру.

← Барлық жаңалықтар