Тұрғын үй кезегінде тұрғандарға қатысты маңызды жаңалық. Енді баспанаға мұқтаждарды есепке алу тәртібі өзгереді. Бұдан былай өтініш берушінің ғана емес, оның отбасы мүшелерінің де мүлкі тексеріледі. Сондай-ақ апатты үйде тұратындарға, көпбалалы отбасыларға және жетім балаларға қатысты да жаңа талаптар енгізілмек. Мемлекет кімдерге басымдық береді?
Елімізде баспанаға кезекке тұру тәртібі өзгереді. Енді тек өтініш берушінің ғана емес, оның отбасы мүшелерінде жылжымайтын мүліктің бар-жоғы тексеріледі. Егер азаматтың немесе жақындарының атында тұрғын үйдің 50 пайыз немесе одан да көп үлесі болса, ол мұқтаж ретінде тізімге енгізілмейді. Алайда бұл талап бұрыннан кезекте тұрған азаматтарға қолданылмайды.
НАРИМАН ӘЛІБЕКОВ, САРАПШЫ:
Меніңше, баспана кезегінде мүлде үйі де, үлесі де жоқ тұлғаларға — жетім балалар мен жалғызбасты аналарға басымдық берілгені дұрыс. Мемлекеттің бірінші кезекке жетімдер мен мүгедектігі бар жандарды қойып, санаттар бойынша пайызды бөлуі — әділетті шешім.
Жаңа тәртіп апатты үйде тұратын азаматтарға да жеңілдік әкелмек. Енді олар аудан орталықтарына сабылып, құжат жинап жүрмейді. Мұндай тұрғындарды баспанамен тікелей әкімдіктер қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, «отбасы мүшесі» ұғымы кеңейтіледі. Өзара келісім болған жағдайда ата-аналарды, немерелерді және қорғаншыларды да отбасы құрамына ресми түрде енгізуге болады. Тағы бір маңызды өзгеріс — енді жетім балалардың құқығын қорғау күшейтіледі.
НАЗЕРКЕ ҒАЛЫМ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Жетім баланы қандай да бір отбасы асырап алған жағдайда, ол балалар кезектен алынып тасталатын. Себебі жаңа отбасына барды дегендей. Үй-күйі бар отбасыға ғана жалпы жетім балаларды беруге болады. Заң бойынша. Қазіргі таңда мынадай заң жаңа редакцияда қабылданып жатыр. Егер де баланы асырап алған отбасы одан бас тартса, ондай да жағдайлар болады өмір болған соң. Бір жыл, екі жыл, жарты жылдан кейін. Ол баланы бұрынғы датасы бойынша қайтадан кезекке қоюға рұқсат етілді.
Көпбалалы отбасылар үшін де өзгеріс бар. Бұған дейін банк әр адамға шаққанда 15-18 шаршы метрден есептейтін. Соның салдарынан кезегі келген азаматтар өзіне сай кең пәтер таба алмай жататын. Енді тұрғын үйді бағалау кезінде пәтердің тек жалпы ауданы емес, отбасы мүшелері мен бөлме саны да ескеріледі.
НҰРБОЛ ШЫНТАҚОВ, САРАПШЫ:
Бұның жақсы жағы былай қарасаңыз, адам өзіне неше бөлме керек, соған қатыса береді. Екіншіден, мұның жаман жағы — қазір үйлерді салыстыратын болсақ, жаңа концепциямен салынып жатқан бір бөлмелі үйлер 50 квадрат сондайға дейін табылады. Бұрындары 2 бөлме, 3 бөлмелер 50 квадрат еді. Сондайынан үйдің көлемі кішірейіп кетуі мүмкін.
Айта кетейік, тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алудың жаңа тәртібі 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Ал осы күнге дейін кезекке тұрған азаматтардың мәртебесі өзгермейді.