Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 7 қаралым

Саяси доданың шешуші кезеңі жақындап қалды

Құрылтай сайлауына бір аптадан аса уақыт қалды. Саяси науқанның шешуші кезеңі жақындаған сайын жеті партияның өзара тартысы қыза түскендей. Кандидаттар өңірлерді аралап, елді мекендегі тұрғындармен кездесіп, халықтың талап-тілегіне құлақ түріп жүр. Әр аймақта жұртшылықты толғандырған әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелер талқылануда.

«Әділеттіктер» Жер Жәннәті Жетісуда жүр. Қоғамдық ұйым өкілдері, кәсіпкерлер мен түрлі сала өкілдері қатысқан басқосуда сайлауалды бағдарлама таныстырылды. Ашық диалог форматында өткен жиында көпшілікті толғандырған өзекті мәселелер де талқыланды. Жаңа жұмыс орындарын ашу, орта бизнестің экономикадағы үлесін арттыру, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы және жергілікті жерлердің қаржылық дербестігі тақырыбы сөз болды. Партия өкілдері тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, айтылған ұсыныстарды өздерінің тұғырнамаларының негізгі бағыттарымен байланыстырды. Сонымен қатар, өңірдің мүмкіндігін ескере отырып, туризм, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті ілгерілетіп, шекаралық аймақтардың дамуы секілді маңызды мәселелерге де назар аударылды.

ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Жетісу, Алматы облыстары шекаралық өңірлер. Осы шекаралық өңірлерге қатысты олардың әлеуметтік ахуалын, ол жердегі кадрларды тұрақтандыру, жаңадан келіп жатқан денсаулық сақтауға, білім, бизнес саласына қатысты елге жастарды тарту, тұрақтандыруға байланысты нақты бастамалар бар.

Шалғайдағы ағайынның талап-тілегін естуге асыққан Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері Қызылорда облысындағы Төретам кентінің тұрғындарымен кездесті. Жиналған көпшілік елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жайлы жасырмай айтты. Бірқатар ұсыныстарын да білдірді. Мәселен, инфрақұрылымды жақсарту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік нысандардың жағдайын жетілдіру және жұмыспен қамту секілді мәселелерді ортаға салды. Өз кезегінде партия өкілдері көтерілген ұсыныстарды тыңдап, оларды шешудің ықтимал жолдарын талқылады. Сонымен қатар, саяси ұйымның өкілдері өздерінің тұғырнамаларын да таныстырып өтті.

ЕРҒАЗЫ ҚОЖАҚОВ, ЖСДП ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әлеуметтік сала бойынша, білім саласы бойынша, медицина саласы, құрылыс, ауыл, барлық сала бойынша біздің бағдарламамыз қамтылған. Өзіміздің алдағы уақыттағы жүзеге асырамыз, ұсыныспен осы бағдарламамен жүреміз деген пікірлеріміздің, осы уақытқа дейін жинаған ұсыныс-пікірлеріміздің бәрі қамтылған. Соны халыққа кеңінен түсіндіру және сайлауға белсенді қатысуға шақыру.

«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Шымкенттегі медициналық қалдықтарды залалсыздандыратын компания ұжымымен кездесті. Негізінен кәсіпорын медициналық және өндірістік қалдықтарды жинап, тасымалдауға, залалсыздандырып қайта өңдеуге маманданған. Жиында саяси ұйымнан Құрылтай депутаттығына кандидат Алтай Ордабеков сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кездесуде серіктестік өкілдері толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Оның ішінде қауіпті және медициналық қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру сынды бірқатар мәселе бар.

АЛТАЙ ОРДАБЕКОВ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Жақсы кездесу болды. Бізде еркін форматта пікір алмасу болды. Ұсыныстарды тыңдадық. Кәсіпорын жұмыстарынан бөлек, өздерінің күнделікті өмірінде кездесетін мәселелерді де айтты. Біз барлығын жазып алдық. Осы жайттарды болашақта мінберлерде көтереміз. Залалсыздандыру кәсіпорны — бұлар бізбен жұмыс істейтін нағыз кәсіпорын. Барлық ойымыз бірдей болып жатыр. Бұлар түсінуде. Заңдардың барлығын күшейту керек. Кейбір заңнамаларға экспертиза жасап, қайтадан мүмкін қосымша өзгерістер енгізу керек.

Астанада Қазақстан Халық партиясының бастамасымен «Әлеуметтік Қазақстан» атты форум өтті. Басқосуда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті бағыттары талқыланып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұсыныстар айтылды. Мұнда әлеуметтік әділеттілік, лайықты еңбек, экономиканы әртараптандыру және жаңа технологияларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар қоғамның тұрақты дамуы үшін экономикалық өсім мен әлеуметтік саясаттың өзара сабақтастығын күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жиында білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, азаматтардың еңбек құқықтарын сақтау және халықтың табысын арттыру мәселелері де кеңінен сөз болды. Партия өкілдері әлеуметтік қолдаудың атаулы әрі тиімді тетіктерін қалыптастырумен қатар, азаматтардың өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасаудың маңызын атап өтті.

ИСЛАМ СҰҢҚАР, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Біз әртүрлі өңірлерге шығып жатырмыз. Зейнеткерлермен кездесіп жатырмыз, студенттер, жұмысшы азаматтар, басқа да адамдармен кездескенде бірінші көтерілетін ол әлеуметтік мәселелер. Жалақы мөлшері, қауіпсіз еңбек жағдайлары, жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы қарым-қатынасқа байланысты ұсыныстарымыз бар.

Шымкентте «Ауыл» партиясының өкілдері мұнай-логистика компаниясының ұжымымен кездесу өткізді. Аталмыш кәсіпорын өңірдегі зауыт өнімін теміржол арқылы үздіксіз тасымалдауға жауапты. Сапар барысында депутаттыққа кандидаттар өндіріс ошағының жұмыс барысымен танысты. Артынша сала мамандарымен басқосу ұйымдастырып, логистиканың бүгінгі ахуалы мен инфрақұрылымын дамыту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ қатысушылар тасымал тиімділігін арттыру жолдарын жан-жақты талқылады. Шара соңында жұмысшылар көкейдегі сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Саяси ұйым өкілдері де алдағы саяси науқанның маңыздылығына тоқталып өтті. Және де партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

ТАЛҒАТ АЙТБАЕВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Тікелей өзіміздің ауылымызға келгендей деп айтуға болады. Келдік, үгіт-насихатты төрағаның өзі де көрсетті, бүкіл Қазақстанда болып жатқан шаралардың барлығының нәтижесін. Белгіленген сайлауға дайындық, сайлауалды бағдарламамен елді таныстыру. Қорытындылай келе, біз осындай үлкен мекемелерге де келіп жатырмыз.

Ертіс өңірінің кәсіпкерлері көкейлерінде жүрген сауалдарын «Ақжолдықтарға» қоюға мүмкіндік туды. 600-ге жуық адам қызмет ететін компанияның қызметкерлерімен өткен жиында осы бағытқа қатысты бірнеше мәселе көтерілді. Мәселен, отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыру, еңбек адамдарының мүддесін қорғау және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жайлары жан-жақты талқыланды. Өз кезегінде партия өкілдері өздерінің ұсыныстарын да айтты.

БЕРІК ДҮЙСЕНБИНОВ, «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Күнделікті бағаның өсуі мен жалақының осы бағаға жете алмауы. Бүгін халықты толғандырып отырған осы. Оның үстіне мына кәсіпкерлерді толғандырып отырған салықтың орынсыз көтерілуі. Осындай өзгерістер, кәсіпорындардың тағдырына әсер етер өзгерістер бізбен ақылдасып шешілсе дейді. Ақылдасқанда мына бизнестің гиганттарымен емес, осы елді асырап отырған елдің ішіндегі шағын кәсіпкерлермен ақылдасып, бірге шешілсе деген өтініш түсіп жатыр.

Республикалықтар Оралда жүр. Мұнда партия төрағасы бастаған кандидаттар жергілікті кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен жүздесті. Басқосуда бизнестің дамуына кедергі келтіретін жайттар мен өндірістің әлеуеті жан-жақты талқыланды. Осы тұста Құрылтай депутаттығына үміткерлер өз тарапынан отандық бизнесті өркендетудің маңызын атап өтті. Білікті мамандар даярлау жайы да сөз болды. Бұдан бөлек, облыстық кітапханада жастармен ашық форматта кездесу өтті. Тараптар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жастардың кәсіби мүмкіндіктері мен қоғамдағы белсенділігі жөнінде пікір алмасты. Көпшілік өздерін толғандырған сауалдарын қойып, білім, жұмыспен қамту, кәсіп бастау және жаңа мүмкіндіктер мәселелерін талқылады.

АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, «RESPUBLIKA» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Экономикалық жағдайымызды жақсарту, кәсіпорындар санын көбейту, жалақыны көбейту, соның арқасында біздің әр қазақстандықтың күнделікті өмірінде көріп жатқан табыс көзін арттыру ол да міндетті түрде тұрмыс жағдайына үлкен әсер етеді. Өте қарқынды және белсенді талқылау болып жатыр. Екі мекемеде де біздің партияның мүшелері өте көп, біздің партияның белсенділері өте көп. Сондықтан олар бізді өте қуана-қуана қарсы алып жатыр.

← Барлық жаңалықтар