Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 23 қаралым

Жаһандағы өзге де оқиғалар

Бір айналдырса, шыр айналдырады. Жапония билігі жер сілкінісі мен цунамиден қауіптеніп отырғанда, арал нөсер жаңбырдың астында қалды. Күншығыс елінің басым бөлігіне бірнеше тәулікте жаңбыр шелектеп төгіп, жұртты әбден әбігерге салды. Табиғаттың тосын мінезінен оншақты адам опат болған. Марқұмдардың басым бөлігі көліктерімен бірге суға ағып кетіпті. Мамандар аралда мұндай құбылыстардың жиілеуін климаттың өзгеруімен байланыстырады.

ТӘЛІПТЕР АҚШ-ҚА ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

Ауғанстан билігі экономикалық дағдарыстан шығудың жолын қарастыра бастады. Санаулы күннен соң таққа отырғандарына 5 жыл болатын қозғалыс мүшелері АҚШ-ты қайта елдеріне шақырып жатыр. Осы арқылы ресми Кабул Америкамен дипломатиялық қатынасты жандандырып, жеріне қомақты инвестиция тартуды көздейді. Талибанның ұстанған ашық саясатын Әмірліктің сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттаки жеткізді. Тіпті, Орталық Азия елі Вашингтонды өз аумағында елшілік ашуға үгіттеп отыр. Сондай-ақ мұхиттың арғы бетінен Ауғанстандағы пайдалы қазбаларға, бөгеттер мен жол құрылысына қаржы тарту жоспарында бар. Десе де, тәліптер Америка сарбаздарының аймаққа оралғанын қаламайды. Айта кету керек, Ауғанстанда 20 жыл тапжылмай отырған АҚШ әскері 2021 жылы үйлеріне қайтқан еді.

СТУДЕНТ ОҚ ЖАУДЫРДЫ

Ал АҚШ-та елдің оңтүстік-шығыс бөлігін үрейлендірген оқиға болды. Вирджиния штатында университеттердің бірінің студенті жатақханада қатарластарына оқ жаудырды. Қанды қылмыстан 5 адам жарақат алды. Ақ халаттылар бір азаматтың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Ал көп ұзамай аймақтың тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. 19 жастағы азамат жоғары оқу орындарының бірінің жатақхана жертөлесінен табылды. Жарақат алғандар 17-23 жас аралығындағы студенттер көрінеді. Алайда университет басшылығы күдіктіні өздерінің тәлімгері екенін растаған жоқ. Айта кету керек, Вирджиния университеті аймақтағы ірі жоғары оқу орындарының бірі. Білім ордасында 5700 студент бар.

ЖЕЛГЕ ҰШҚАН ЕСІЛ АҚША

Желге ұшқан 4,5 млрд теңге. Италияның Сардиния аралының маңында 30 метрлік алып яхта батып кетті. Бір қызығы, жаңа қожайыны су көлігінің рахатын да көріп үлгермеді. Бай-бағландар оны 4 тәулік бұрын сатып алған екен. Аппенин түбегіндегі басылымдардың дерегінше, оқыс оқиға Жерорта теңізіндегі Порто-Черво аймағында тіркелген. Ашық су айдынына шыққан «Ангиола-2» яхтасының бортынан кенет өрт шығып, бір бүйіріне қарай жантайып қалған көрінеді. Жағажайдың құтқару қызметі су көлігінде отырған 14 адамды шұғыл эвакуациялап үлгерді. Абырой болғанда, зардап шеккендер мен опат болғандар жоқ. Италияның экология мамандары жанармай мен қауіпті заттар теңізге төгілмегенін растады. Ал транспортқа жауапты компанияның мәліметінше, кеме 2020 жылы құрастырылған. Осы уақытқа дейін яхтаның бірнеше қожайыны ауысыпты.

МИГРАНТТАР ЕУРОПАҒА АҒЫЛЫП ЖАТЫР

Еуропада мигранттар қаптап барады. Жайлы, тыныш өмір іздеген африкалықтар қайтсе де Пиреней түбегіне жеткісі келеді. Қиын тұрмыстан қажыған азаматтар Қара құрлықтағы Испанияның Сеута аймағына лап қойды. Осы анклав арқылы мигранттар Гибралтар бұғазын кесіп өтіп, Кәрі құрлыққа бағыт алмақ. Қазір Марокко мен Испания шекарасында жағдай ушығып тұр. Корольдік полициясы осы уақытқа дейін 111 босқынды ұстаған. Қолға түскендердің басым бөлігі Сахара шөліндегі елдердің азаматтары. Ал Марокколық тәртіп сақшылары заңға бағынбаған мигранттарға көз жасаурататын газ қолданып көрді. Бірақ ол әрекеттен де азаматтар сескенетін емес. Босқындар қандай жағдай болмасын Испанияға барып, жан бағуды көздейді. Айта кету керек, осыдан екі жұма бұрын Сеута аймағындағы өткізу бекетіне бір мезетте 72 мың мигрант жиналып, өздерін арғы бетке жіберуді талап еткен. Ол уақытта кептелістен 96 адам көз жұмған еді.

← Барлық жаңалықтар