Қазақстан кәрі құрлықтың құтқарушысына айналуы мүмкін. Еуропа құрғақшылықтан қажып жатқанда, біздің ел өнім көлемін 16 миллион тоннаға көтерді. Бұл – алпауыт АҚШ-тың берген бағасы. Бұған себеп – Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында жауын-шашын жеткілікті болып, топырақтағы ылғал қорының сақталуы. Өйткені дәл осы 3 облыс Қазақстандағы бидай өндірісінің 79 пайызын береді. Сол себепті алғашқы орақ нәтижелері былтырғыдан жақсы. 14 тамыздағы жағдай бойынша, дәнді дақылдар жалпы егіс алқабының 12,5 пайызынан жиналған. Былтыр бұл көрсеткіш алты пайыздан аспаған болатын. Ал аптап ыстықтан жапа шеккен кәрі құрлық Қазақстанның астығына ауыз салып, астық экспортына сұраныс артуы ықтимал. Алайда «балапанды күзде санайды» демекші, әлі қорытынды шығаруға ерте, дейді мамандар.
Жақсылық Жасұланұлы