Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 7 қаралым

Құрылтай сайлауына 3 күн қалды

Тойдың боларынан боладысы қызық. Құрылтай сайлауына 3-ақ күн қалды. Саяси партиялар уақыттың тығыздығына қарамастан бір күнде бірнеше кездесу өткізіп үлгерді. Мәселен, бірі Шымкентте ақ халатты абзал жандармен кездесіп, енді бірі зауыттарды аралап, теріскей жұртының мәселесін тыңдап жүр. Жергілікті бұқараның талап-тілегін қағазға түртіп алған кандидаттар мінберлерде осы мәселелерді көтереміз деп уәдесін берді.

«Әділет» партиясының сайлауалды кездесулері елордада жалғасып жатыр. Құрылтай депутаттығына кандидаттар Астанадағы мүлік иелері бірлестіктерімен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуде көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару, ортақ мүлікті күтіп ұстау, тұрғындардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің сапасы сөз болды. Қатысушылар саладағы түйткілдерді атап, оларды шешуге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.

ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүгін өте мазмұнды әңгіме болды. Әр өңір өз мәселесін алып келген екен. Өйткені, шын мәнінде, еліміздегі тұрғын үй қоры біркелкі емес. Астана қаласын алып қарайтын болсақ, оң жағалау мен сол жағалаудағы тұрғын үй қорының өзі екі түрлі. Ал өңірлерді айтпағанның өзінде, кей жерлерде аз қабатты, пәтер саны аз үйлер салынып жатса, бүгінде ірі мегаполистерде үлкен тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Яғни тұрғын үй қорының жасы да, оның бұрынғы күтім сапасы да әртүрлі.

Қостанайда Қазақстан Халық партиясының өкілдері зейнеткерлермен жүздесті. Жиын барысында партияның алдағы мақсат-міндеттері мен сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылды. Басқосуда әлеуметтік салаға қатысты мәселелерге басымдық берілді. Атап айтқанда, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасы, білім беру жүйесіндегі түйткілдер, әлеуметтік қолдаудың тиімділігі сөз болды. Қатысушылар қордаланған мәселелерді ашық айтып, оларды шешудің нақты тетіктері жөнінде пікір алмасты. Жиын соңында зейнеткерлер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

НҰРЖАН БИЯКАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ АТЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Сайлаушылар, негізінен ауыл тұрғындары шағын мектептер, онда оқитын балалардың жағдайы, елді мекендерде медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі сияқты мәселені жиі көтереді. Осыларды нақты шешу үшін заңға өзгерістер енгізу керек. Дұрыс жүйеленіп, қабылданған заң арқылы ғана бұл мәселелерді жөнге келтіруге болады.

«Ауылдықтар» Солтүстік Қазақстан облысында жүр. Мұнда саяси ұйым өкілдері Есіл ауданына қарасты Торанғұл ауылындағы шаруашылық ұжымымен кездесті. Жиында ауылды дамыту, аграрлық секторды қолдау және өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтықты азайту мәселелері көтерілді. Партия өкілдері қала мен елді мекендердің дамуын қатар қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Әсіресе адамның тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы өмір сүруіне, еңбек етуіне және өз мүмкіндігін жүзеге асыруына теңдей жағдай қарастырылуы керектігін жеткізді. Сонымен қатар мал шаруашылығының әлеуетін арттыру, ауылдағы қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысын жандандыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау және агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

ҚАНАТ АСҚАРОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Торанғұл еліне келдік, осы жерде көріп, халыққа түсініктеме, түсіндірмелер жүргіздік. Біздің партияның жоспарын айттық. Айдың ішінде біраз жұмыстар істелді.

Шымкентте «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері ақ халатты абзал жандармен жүздесті. Кездесу барысында Құрылтай депутаттығына кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, негізгі басымдықтарына тоқталды. Жиында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің тапшылығы, мамандарды даярлау және жас кадрларды салаға тарту, сондай-ақ қызметкердің әлеуметтік және кәсіби мәртебесін көтеру мәселелері сөз болды. Сала мамандары денсаулық сақтау жүйесінде кездесетін түйткілдерді атап, олардың шешу жолдары бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

БАҚДӘУЛЕТ МӘЛІМОВ, «АҚ ЖОЛ» ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНАН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ:

Партиямыздың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен таныстырып, сайлаушыларымыздың алдында сұрақтарының барлығына жауап бердік. «Ақ жол» демократиялық партиясының Шымкент қалалық филиалы одан әрі үгіт-насихат жұмысын жалғастыратын болады. Басқа да мекемелермен, білім саласының мекемелерімен.

← Барлық жаңалықтар