Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 14 қаралым

Қостанай, қайда барасың?

Қостанайдағы танымал кондитерлік фабрика дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Кәсіпорында «Кондитерлік астана» технологиялық кешені іске қосылып, 260 жұмыс орны ашылды. Құны 14 миллиард теңгеден асатын инвестициялық жобаның жылдық қуаты 16 мың тоннаға артпақ. Онда заманауи технологиямен тәттілердің түр-түрі өндіріледі. Осы арқылы компания отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің шикізатын өңдеу көлемін арттырмақ. Бұл өз кезегінде өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына серпін береді, дейді фабрика өкілдері.

ТИМУР СЫДЫҚОВ, «БАЯН СҰЛУ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Жаңа кешенде Қазақстанда бұған дейін болмаған жаңа өнімдер шығарылады. Соның арқасында фабрика жылына 65 мың тонна өнім шығармақ. Бұл ел нарығы үшін өте маңызды. Бүгінде еліміздегі кондитерлік өнімдердің 60 пайыздан астамы – шетелдік өнім. Сондықтан алдымызда отандық өнімнің үлесін арттырып, сыртқы нарықтағы орнымызды нығайту міндеті тұр.

Қостанай облысында бұдан бөлек ірі агроөнеркәсіптік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл өңірде жылына 40 мың тоннадан астам макарон өнімдерін шығаратын зауытты іске қосу жоспарланған. Лисаковскіде май экстракциялау кәсіпорны салынып жатыр. Ал Рудныйда астықты терең өңдейтін кәсіпорын пайда болады. Осының барлығы іске асқанда өңірдегі астық өңдеу қуаты шамамен 1 миллион тоннаға артады, дейді аймақ әкімі.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Біздің облысымызда Президентіміздің тапсырмасын орындау үшін, өздеріңіз білесіздер, жүйелі түрде жұмыс атқарылып жатыр. Бірнеше ірі жоба іске қосылды. Тағы да ірі қосымша жобаларды іске қосуға дайындалып жатырмыз. Бүгінгі күні жалпы қайта өңдеу фабрикалары мен зауыттарының қуаты 32 миллион тоннадан асып кетіп отыр. Тағы да 1 миллион тонна қосуға дайындалып жатырмыз.

Гүлнәзия Мейірхан

← Барлық жаңалықтар