Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 15 қаралым

Саяси тұлғалар өз таңдауын жасады

Тарихи науқаннан саяси элита мүшелері де шет қалмады. Олар да таңмен таласа қалың көпшілікпен бірге тіркелген сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасады. Алғашқылардың бірі болып Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин төбе көрсетті. Бюллетеньді жәшікке тастаған соң, саясаткер БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Ерлан Қарин бір палаталы жүйеге көшу еліміздің саяси тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі екенін мәлімдеді.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Құрылтай — маңызды саяси мемлекеттік институттарды қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Көптеген институттардың өкілеттілігін бекітеді. Лауазымды тұлғалардың өкілеттіліктерін бекітеді. Сондықтан Құрылтай жаңа саяси жүйенің құрылымдық басын бастап беретін маңызды орган.

Дауыс берушілердің арасында Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да бар. Ведомство басшысы додаға түсіп жатқан барлық жеті партия да ерекше белсенділік көрсеткеніне айрықша тоқталды.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ — МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Біз бақытты халықпыз. Өйткені өз болашағымызды айқындауға, үлес қосуға мүмкіндігіміз бар бірден-бір халықпыз. Сондықтан менің ойымша, ертең қалыптасатын Құрылтай біздің Халықтық Конституциядағы белгіленген барлық басымдылықтар мен приоритеттердің жүзеге асуына атсалысады деп сенімдімін.

Сондай-ақ Ұлттық академиялық кітапханада жайғасқан 129-сайлау учаскесінде Сенаттың экс-төрағасы Мәулен Әшімбаев та дауыс берді. Бұрынғы спикер Құрылтай азаматтардың елдің одан әрі дамуына ықпал етуіне мүмкіндік беретін маңызды институт екенін атап өтті.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ЭКС-ТӨРАҒАСЫ:

Барлығымыз бірге Әділетті құрып жатырмыз. Еліміздің болашағы үшін әрбір дауыс маңызды. Сол себепті бүгін барлығымыз еліміздің болашағы үшін дауыс береміз деп сенемін.

← Барлық жаңалықтар