Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 13 қаралым

Дауыс берудің алдын ала нәтижесі шықты

Орталық сайлау комиссиясы саяси доданың алдын ала нәтижесін жариялады. Кеше ғана дауыс беріп, таңдауын жасаған қазақстандықтардың қай партияға көңілі ауды екен? Ел бойынша дауыс беру құқығы бар 12 миллион 623 мың 289 сайлаушы тіркелген. Оның 74,08 пайызы учаскелерге барып, азаматтық ұстанымын білдірген екен. Санға шаққанда бұл 9 миллион 351 мың 539 адам.

Сонымен, партиялар бойынша дауыс берудің бастапқы нәтижесі бойынша, 71,17 пайыз көрсеткішпен «Әділет» партиясы көш басында тұр. 6,26 пайыз дауыс жинаған «Ауыл» партиясы екінші сатыға жайғасты. Одан кейін 5,56 пайыз нәтижемен «Respublica» партиясы, 5,21 пайызбен Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы және сайлаушылардың 5,11 пайызы Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның пайдасына таңдау білдіріпті. Ал Қазақстан Халық партиясы 3,11 пайыз, «Байтақ» жасылдар партиясы 1,07 пайыз дауыс жинады.

НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Осы уақытқа дейін еліміздің барлық өңірлерінде және шетелде барлығы 10423 сайлау учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. Қазіргі уақытта аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелерінің хаттамаларының электрондық көшірмелерін ұсынды.

Ұсынылған ақпарат бойынша, сайлау рәсімдерінің сақталуын 51 мыңнан астам ұлттық бақылаушы қадағалады. Олардың қатарында саяси партиялардың сенімді өкілдері және олар ұсынған байқаушылар бар. Шетелдік және халықаралық ұйымдардан 777 адам да науқанның бел ортасында болды. Олар дауыс беру заң талаптарына сай өткенін айтып отыр.

ИГОРЬ ПЕТРИШЕНКО, ТМД БАЙҚАУШЫЛАР МИССИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде, Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына толық сәйкес өткізілді. Сайлау әділ, бәсекелі және ашық өтті әрі Қазақстан Республикасы азаматтарының өз еркін білдіру құқығын жүзеге асыруын қамтамасыз етті.

← Барлық жаңалықтар