Құрылтай сайлауында саяси бәсекелестік күшейді. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директоры осылай деп пікір білдірді. Жандос Шаймардановтың айтуынша, 145 депутаттық мандатқа 545 кандидаттың таласуының өзі саяси доданың жоғары деңгейде өткенін көрсетеді. Сонымен қатар бес партияның 5 пайыздық межеден өтуі де бәсекелестіктің артқанын аңғартады. Сарапшының сөзінше, сайлау науқанында теледебаттардың жиі ұйымдастырылуы сайлаушыларға партиялардың бағдарламасымен қатар, кандидаттардың ұстанымын да бағалауға мүмкіндік берген.
ЖАНДОС ШАЙМАРДАНОВ, ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Сайлаушылардың 74 пайыздан астамы дауыс берді. Демек, сайлаушыларымыздың төрттен үшіне жуығы азаматтық белсенділік танытты. Алдын ала қорытынды бойынша, жеті партияның бесеуі Құрылтайға өтетінін көріп отырмыз. Бұл — өте жақсы әрі жоғары көрсеткіш. Сайлау барысында саяси бәсекелестіктің артқанын көріп отырмыз.
Саясаттанушылар да Құрылтай сайлауындағы саяси бәсекеге оң баға беріп отыр. Мамандардың пікірінше, бұл науқан елдегі конституциялық реформалардың іс жүзінде жүзеге аса бастағанын көрсетті.
ЖАПСАРБАЙ ҚУАНЫШЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Айта кету керек, кешегі өткен сайлау биылғы конституциялық реформаның нақты іске асқандығының алғашқы қадамы. Бұл қадам сәтті өтті деп есептеймін. Барлық қоғамда болып жатқан өзгерістер, үдерістер, жалпы бұл қоғамның өзінің сұранысы болды.