Еуропа биыл әбден табиғаттан көресіні көрді. Кәрі құрлық тұрғындары 2026 жылды әлі талай еске алатыны анық. Себебі аптап ыстықтан егде жастағы тұрғындар қынадай қырылса, табиғатқа да орасан зор зиян келді. Аймақтағы бірнеше ел жаз бойы орман өртімен күресті. Ал тілсіз жау ұзақ жылдан бері ұйқыда жатқан тағы бір мәселені көтерді. Мысалы, Бельгиядағы төтенше оқиғадан бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс заманынан қалып кеткен снарядтар мен бомбалар жарылып, жұрттың зәресін алып жатыр.
КЕЛЕСІ ЖЫЛ ЫСТЫҚ БОЛАДЫ
Келесі жыл ыстық болады. Десе де, Кәрі құрлық биылғы ыстықпен жылап көрісетін түрі бар. Зерттеу жүргізген Ұлыбритания мамандары осындай байламға келіпті. Ғалымдардың пайымынша, келесі жыл бұдан да аптап болады. Дәлірек айтсақ, бұл жолы әлемдік теңіз суының орташа температурасы 3 градусқа көтерілетін сияқты. Сондай-ақ Тынық мұхитында Эль-Ниньо деп аталатын құбылыс байқалуы ықтимал. Бұл климаттық оқиға әр 27 жылда бір рет қайталанады екен. Ал ұзақтығы шамамен бір жылға созылады. Мұндай жағдайда шығыстан батысқа тұратын пассаттар бәсеңдеп, мұхит суы шығысқа қарай бет алатын көрінеді. Ал сәйкесінше аймақтарда жаңбыр азайып, температура көтеріледі.
МАРОККО КЕҢДІК ЖАСАДЫ
Марокко кеңдік жасады. Марокко билігі кеңдік жасады. Ресми Рабат Еуропа асамыз деп Испанияның анклавында тығырыққа тірелген балаларды қайтарып алуға ниетті. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады. Ал қос мемлекет Сеута аймағынан опат болғандар мен тұтқынға түскен азаматтарды алмасу туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Ал Магриб өз азаматтарынан бас тартпайды, олар көршісінен марқұмдарға қатысты медициналық анықтама алдыруға тырысады. Корольдік билігі жастардың жаппай Кәрі құрлыққа ағылуына әлеуметтік желіні кінәлап отыр. Себебі интернетте таралған түрлі контенттер буыны бекімеген жандарға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан осындай көзсіз әрекеттерге барған. Айта кету керек, жаздың ортасында басталған көші-қон мәселесі екі мемлекетті тығырыққа тіреді. Африкадан бір мезетте жайлы өмір іздеген 72 мың мигрант Гибралтар бұғазы арқылы Пиреней түбегіне бармақ болды.
КӨРШІЛЕР АРАСЫНДАҒЫ КИКІЛЖІҢ
Көршілер арасындағы кикілжің. Қос көрші арасындағы сауда-саттық соғысы күннен-күнге күш алып барады. Бұл жолы Солтүстік Америкадағы екі ірі мемлекет шекісіп қалды. Канада мен АҚШ келіссөздері тығырыққа тіреліп, бір-біріне теріс қарады. Ал Үйеңкі жапырақтар елінің билігіне ашуланған Америка оларға қарсы 50% баж салығын енгізді. Десе де, ресми Оттава қарап қалған жоқ. Олар да Ақ үйге дереу жауап ретінде шара қабылдады. Трамптың әкімшілігі келісімнің ушығып кетуіне Канаданы кінәлап отыр. Ал олар жағдай қиындамас бұрын алюминий, көлік пен отынға салықты алып тастауды ұсынған. Бірақ АҚШ бұл талаптарға көнбей қойған көрінеді. Екі ел арасындағы сауда-саттық кикілжіңі тегіннен-тегін болып отырған жоқ. Ірі стратегиялық серіктестер былтырдың өзінде жалпы сомасы 880 млрд долларға тауар алмасқан.
АВТОБУС АПАТҚА ҰШЫРАДЫ
Автобус апатқа ұшырады. Тақтайдай тегіс Еуропа жолдарында төтенше оқиға. Нидерландтың шығысында туристік автобус апатқа ұшырады. Қоғамдық көліктің салонында Германия мектептерінің оқушылары отырған. Жергілікті тәртіп сақшыларының дерегінше, транспорт қатты жылдамдықпен трассаның қоршауына соғылып, бір бүйіріне жантайып қалған. Автобуста 50 жолаушы болыпты. Абырой болғанда, барлығы дін аман. Тек 8 жеткіншек жеңіл-желпі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Апаттан қоғамдық көлік екіге бөлініп кеткен көрінеді. Қос елдің құзырлы органдары аварияның себептерін анықтауға кірісті.