Атлант мұхитында тағы бір ұшақ ұшты-күйлі жоғалып кете жаздады. Бірақ Америкадан Еуропаға бағыт алған «Боинг» лайнері дер кезінде жердегі мамандарға дабыл беріп үлгерді. Кейіннен әуе көлігі Азор аралдарындағы әуежайға қонуға мәжбүр болды. Әзірге пилоттардың апат түймесін не үшін басқаны белгісіз. Швейцариялық әуе компаниясына тиесілі бортта 222 жолаушы отырған. Төтенше оқиға бойынша мамандар тексеріс бастап кетті.
ҚОШ БОЛ, АМЕРИКА?
Қош бол, Америка? Дональд Трамп көші-қон саясатын мықтап қолға алайын деді. Ақ үй басшысы бұған дейін әлем халқына оңды-солды таратылып келген иммиграциялық визаны уақытша тоқтатты. Сондай-ақ президент әкімшілігі елшіліктер мен консулдықтарда белгіленіп қойған кездесулердің де күшін жойды. Тіпті департамент жан-жақтағы дипломаттарына виза сұрап келетін азаматтарды толық зерделеуді міндеттеді. Себебі мұхит асып барған мигранттар ертең мемлекетке алақан жайып, жәрдемақыға қарап отырмауы тиіс. Ал әне-міне рұқсат қағазына қол жеткізетін азаматтардың жеке поштасына келіссөздердің уақытша тоқтатылғаны жөнінде хабарлама жіберілген. Десе де, шектеулер қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз. Айта кету керек, бұл Трамптың көші-қон саясатына енгізіп отырған алғашқы өзгерісі емес. Бұған дейін Ақ үй 200 мыңнан астам туристік және іскерлік визаның күшін жоятынын мәлімдеген еді.
ЕКІ ҰШАҚ СОҚТЫҒЫСТЫ
Аустрияда төтенше оқиға. Альпы баурайында екі жеңіл ұшақ аспанда соқтығысты. Апат шамамен 350 метр биіктікте тіркелген. Жергілікті биліктің дерегінше, планер бір әуе көлігін жергілікті аэродромға жеткізбек болған. Сол сәтте пилоттар арақашықтықты есептей алмай, бір-біріне түйіскен екен. Соққыдан ұшақтар жерге құлап, толықтай жанып кетті. Ал тізгінде болған 36 және 70 жастағы пилоттар ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Бірақ ақ халаттылар оларды аман алып қала алмады. Өртенген техникаларды сөндіруге 100-ден астам маман мен 32 арнайы көлік жұмылдырылды.
ДҮЛЕЙ ДАУЫЛ ТҰРДЫ
Францияның оңтүстігінен маза кетті. Испаниямен шекаралас аймақта аяқасты дүлей дауыл тұрып, жұртты әбден әбігерге салды. Табиғаттың тосын мінезінен ғимараттардың шатыры ұшып, ағаштар тамырымен жұлынып кетті. Желдің екпіні кей жерлерде сағатына 117 шақырымға дейін жеткен көрінеді. Алдын ала есеп бойынша, дауылдан 300-ден астам үй бүлініп, 40 адам түрлі дене жарақатын алған. Ал құтқарушылар үйінді астынан екі азаматты тауып алды. Қазір аймақта төтенше жағдайлар және коммуналдық қызмет мамандары иық тірестіріп жұмыс істеп жатыр. Бет қаратпайтын жел электр желілеріне де зақым келтірген көрінеді. Елді мекенде 1400 үй жарықсыз қалды.
РОБОТТАР РЕКОРД ОРНАТТЫ
Аты алысқа кеткен даңқты желаяқ Усейн Болтқа тең келетін бәсекелес ақыры табылды. Бірақ атлет адам емес. Бейжіңде өтіп жатқан Бүкіләлемдік роботтар Олимпиадасында механикалық спортшы атақты ямайкалық спринтердің қаймағы бұзылмай келе жатқан рекордына ауыз салды. Құлтемір 100 метрлік қашықтықты 9 секунд 32 миллисекундта бағындырды. Бірақ жарыс басталардан бұрын инженерлер бір қулыққа барған көрінеді. Олар гуманоидтың аяғының ұзындығын 10 см-ге ұзартып, көмектескен сияқты. Десе де, алғашқы заманауи ойындарда құлтемірлер тек шапшаңдығымен емес, өзге де қырларымен көпшілікті таңғалдырып жатыр. Мысалы, роботтардың бірі ұзындыққа секіру сайысында 8 метрге қарғыған екен. Ал енді бірі ауыр атлетикада 16 келілік зілтемірді қиналмай бағындырған. Құлтемірлер арқан тарту спортында да ешкімге дес берер емес.