Жерорта теңізінде төтенше оқиға. Кипр аралдарының маңында туристерге лық толы паром аударылды. Алдын ала дерек бойынша, су көлігі халықаралық қауымдастықпен мойындалмаған Солтүстік Кипр мемлекетінен Анадолыға қарай бағыт алған. Гирне портынан екі шақырым ұзай бергенде кеме бата бастапты. Оның бортында 270 шақты жолаушы болған. Ал оқиға құрбандарының саны 8 адамға жетті. Тағы 23 тұрғын із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Паром командирінің дабыл белгісінен соң көмекке Солтүстік Кипр Түрік Республикасының жағажай күзетінің кемелері жетті. Тіпті мәселеге бейжай қарамаған Кипр Республикасының билігі де жәрдемдесуге ниет білдірген. Айта кету керек, Жерорта теңізінің шығысындағы шағын арал ресми екі аймаққа бөлінеді. Бірі грек Кипрі, екіншісі Түркиялық Кипр деп аталады. Қос тарап ұзақ жылдан бері бір-бірімен шекісіп келеді.