Қырғыз жерінде VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қызып жатыр. Алыптардың алысуына, тұлпарлардың сайысына құрылған жаһандық додада қазақтың қыздары мен білекті ұлдары қайсарлықтың үлгісін көрсетуде. Ел намысын қорғауға аттанған саңлақтарымыз бүгін аударыспақтан екі бірдей алтын медальді қанжығасына байлап, көк туымызды көкте желбіретті. Көшпенділер ойынында тағы қандай қызық бар?
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Түбі бір түркі елдерінің бәрі ат жалынын тартып мінетіні ежелден белгілі. Онымен қоса жылқы үстінде күш сынасып күресетіні тағы бар. Дәл осы үрдісті жалғаған бүгінгінің балуандары Қырғыз елінде бас қосты. Олар VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынында өнер көрсетіп жатыр.
Көршілес мемлекетте өтіп жатқан байрақты бәсекеге 150-ден астам спортшы аттанды. Олар 42 спорт түрінен бақ сынап, жүлдеге таласуда. Ашылу салтанатының өзі жер-жаһанды таңғалдырған бұл жарыста көк туымызды ұлттық құраманың капитаны Тұрғанбек Құрманбек ұстап шықты. Кеше ел қоржынына алтын түспесе, бүгін күш сынасқан балуандар аударыспақтан екі алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ тоғызқұмалақтан қарсыласын ұтқан отандасымыз да былай деп ақтарылды.
ЕРАСЫЛ АУТАЛИПОВ, ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Ойын бүгін өте қиын болды. Мен тоғызқұмалақты Уганда өкілімен ойнадым. Тартысты өткен партияда 82 ұпай жинап, қарсыласымды 80 ұпаймен артта қалдырдым. Нәтижесінде жеңіс маған бұйырды.
Осыған дейін елімізде өткен додада қазақ спортшылары топ жарып, 44 алтын, 33 күміс және 37 қола жүлдені қоржынға салған болатын. Бұл жолы да отандастарымыздың қайсар рухы асқақтай түсетініне сенімдіміз. Жарыстың бағыты мен ұлттық құраманың жетістіктері жайында жауапты ведомство өкілі не дейді?
САПАРҒАЛИЕВ МЕЙРАМҒАЗЫ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы өзіндік басымдық спорт түрлерінен келіп отыр. Оның ішінде біз 9 спорт түрі ұлттық спорт түрлеріне енген. Қазіргі уақытта біз аударыспақтан 2 алтын, 1 күміс еншіледік. Негізі енді салт-дәстүрімізде бар спорт түрлері болғандықтан, қазіргі уақытта спорт түрлерінде біздің спортшыларымыз жақсы, теңдессіз өнер көрсетуде.
Айта кетейік, жарыс 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Бәсекеге 100-ден астам елден 3000-ға жуық спортшы жиналды. Еліміздегі спорт сарапшылары да бұл доданы қалт жібермей бақылап отыр.
МЕРЕЙ ДІНМҰХАММЕДҰЛЫ, СПОРТ КОММЕНТАТОРЫ:
Қазақстан құрамалары осалдық танытады деп ойламаймын, үлкен мотивация болады. Өткен жылғы жеңісті дәлелдеу керек болады. Биыл да Қазақстан Республикасының құрамалары 42 спорт түрінен өнер көрсетеді, сол 42 спорттың кемінде 20-25-інен топ жаруға барынша тырысамыз деп ойлаймын.
Қазақстан спортшыларының бұл бәсекедегі сәтті қадамы мен жаһандық додадағы жарқын жеңістері әлі де жалғаса бермек. Түркі әлемінің ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрін әлемге паш еткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ел намысын асқақтатар тартысты бәсекелерін ертең де жалғастырады.