Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 13 қаралым

Өңдеу өнеркәсібінің рөлі артты

Тұрмысқа қажет дүниелерді алыстан арбаламай, жақыннан дорбалаудың бір жолы – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Ал Үкімет күні кеше бұл бағыттың экономикадағы үлесі 46,7%-ға дейін артқанын мәлімдеді.

Өңдеуші өнеркәсіп – ел экономикасының әлеуетін арттыратын басты бағыттардың бірі. Қазір бұл салаға үлкен ден қойылған. Өйткені өңірлердің дамуына, жұмыс орындарының ашылуына үлес қосады. Халыққа сондай мүмкіндік беріп отырған зауыттардың бірі Алматы облысы, Дардамты ауылындағы жүн өңдейтін кәсіпорын. Бүгінде Қытаймен байланыс орнатып, алпауыт елге өнім ұсынып отыр.

ТҰРСЫНЖАН ДУЛЛАЕВ, ЖҮН ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТТЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстанда жүн өңдейтін зауыттар, фабрикалар жоқ қой. Алатын жер жоқ. Қытай жақ алмаса, жүнді бекер ел лақтырып жатыр. Келешекте Қазақстанда материал істеп шығуды ойластырып жатырмыз.

Төрт түліктің кисең киім болатын өнімін кәдеге жаратқан ұйымда 40 шақты адам жұмыс істейді. Зауыттың тағы бір артықшылығы – мұнда жүнді жуу үшін су ысытудың қажеті жоқ. Өйткені жер қойнауынан буы бұрқырап қайнап шығатын бұлақтар бар. Фабрика соның жанында орналасқан.

ТҰРСЫНЖАН ДУЛЛАЕВ, ЖҮН ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТТЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Бізге өте пайдалы болып тұр. Шығынымыз аз. Суды жылыту керек. Оған көп көмір кетеді, мысалы. Сол үшін осы жерді таңдап салғанбыз, қайнақ суға. Жүнге де жақсы екен, пайдалы.

Ал Ақмола облысы Қатаркөл ауылындағы бұл зауытта пластик терезелер мен есіктер жасалады. Нарықта 10 жылдан бері қызмет атқарып келеді.

ДМИТРИЙ ЛАТОШ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

Біз бұрын Астана қаласында жұмыс бастадық. Содан 2009 жылғы дағдарыстан кейін осы кәсіпке бет бұрдық. Алғашқыда терезе салумен айналыстық. Содан табысты жоба екенін біртіндеп өзіміздің өндірісті жолға қоюды жөн көрдік.

Нысан сондай-ақ жылу пештерін де жасайды. Солтүстіктің саршұнақ аязын жақсы білетін кәсіп иелері от ұзақ жанатын пеш түрін де нарыққа шығарған.

ДМИТРИЙ ЛАТОШ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

Ұзақ уақыт жанатын қазандықтарымыз кәдімгі пешке қарағанда отынды арнайы шнек арқылы автоматты түрде беріп отырады. Қарапайым тілмен айтсақ, түтін шығармайды және бір рет от жаққаннан кейін ұзақ уақыт бойы жұмыс істей береді. Яғни бүкіл қыс бойы қазандықты қайта-қайта жағып, әуре болмайсыз. Тек ішіндегі отынның жеткілікті екенін қадағалап, жиналған күлді уақытында шығарып отыру керек. Әрі қазандық үйдегі температураны тұрақты ұстап тұрады. Қалаған температураны алдын ала қойып қоясыз, сол температураны автоматты түрде сақтайды.

Жалпы Президент тапсырмасы бойынша мұндай өңдеу секторы мен жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға басымдық берілген. Мәселен, биыл өңдеу өнеркәсібінің экономика құрылымындағы рөлі артып, өндіріс көлемі алты айдың ішінде 18,8 трлн теңгені құраған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 9%-ға жоғары. Сондай-ақ 337 млрд теңгеге 84 кәсіпорын іске қосылып отыр. Осылайша, бұл бағыт экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып отыр.

← Барлық жаңалықтар