Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 16 қаралым

Үкімет қайта құрылды

Елімізде жаңа Конституция қабылданып, бірпалаталы Парламент жүйесіне ауысқан соң, Президент Үкіметті қайта жасақтап, кадрлық ауыс-түйіс жасады. Су жаңа министрлердің қатарында Арман Қырықбаев бар. Ол Мәдениет және ақпарат министрі лауазымына тағайындалды. Оның кандидатурасын Құрылтайдың салалық комитетінің отырысында депутаттар ұсынған екен. Бұдан бөлек, жаңа Үкіметтің құрамында ескі де жаңа министр Әлібек Қуантыров бар. Ол Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тізгінін ұстады. Шенеунік бұған дейін бірнеше жыл Сыртқы істер министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі сынды қызметтерде еңбек еткен. Ал Үкімет құрамында жаңа қызмет бұйырғандардың тағы біреуі – Мұрат Мұханов. Ол Төтенше жағдайлар министрлігіне басшы болып барды. Полковник биыл жазда ғана аталған ведомствоның аппарат басшысы лауазымына жайғасқан екен. Ал қалған министрліктер тізгінінде бұған дейін отырғандар қызметтеріне қайта тағайындалды. Мәселен, креслосын сақтап қалғандардың арасында премьердің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен орынбасары Қанат Бозымбаев бар. Сондай-ақ, Серік Жұманғарин Үкімет басшысының орынбасары мен Ұлттық экономика министрі лауазымын, Жаслан Мәдиев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басшылығы мен Премьердің орынбасары лауазымын қатар алып жүреді.

← Барлық жаңалықтар