Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 11 қаралым

Әлемде не болып жатыр?

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс әлемді әлі талай шырғалаңға салатын түрі бар. Американың Парсы еліне соңғы шабуылын Ақ үй басшысы құптап отыр. Тіпті қажет болса, қайта соққы жасаудан тайынбайды. Газадағы жағдай да жайсыз. Израиль әскері әуеден соққы жасап, үш адамның өмірін жалмады. Ал Непалдағы нәубеттің масштабы адам шошырлық. Тіпті денесі табылмаған кейбір жандардың мәйітінің орнынан сабаннан тұлып жасалып, өртелуде.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жасалған шабуылды толықтай құптайтынын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме Иранда АҚШ-тың әуе соққысынан қаза тапқандарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтіп жатқан тұста жасалды. Жергілікті биліктің мәліметінше, америкалық зымыран үйлену тойы өтіп жатқан жерге түскен. Алайда Пентагон бейбіт тұрғындарды ешқашан нысанаға алмайтынын алға тартуда.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Менен Иранға қарсы әскери операцияға көңілің тола ма деп сұрағанда, «Әрине» деп жауап беремін. Өйткені мен олардың ядролық қаруға қол жеткізуіне кедергі жасадым. Олай етпегенімде, ертең өз адамдарымыз оларға қоңырау шалып, алдында құрдай жорғалап, «мырза» деп бас иетін еді. «Сізге қандай көмегім тиеді, мырза?» деп тұрар еді. Жоқ. Оларда ядролық қару болмайды. Сондықтан менің істегенім әбден дұрыс.

Ақ үй басшысы АҚШ әскері кез келген уақытта Иранға қайта соққы жасауға дайын екенін ескертті. Оның айтуынша, Ормуз бұғазының бойына орналастырылмақ болған барлық жаңа әскери техника жойылған. Тегеран да қарап қалмады. Иран әскері Кувейт пен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі америкалық екі әскери базаға зымыран мен дрондар арқылы соққы берді. Шабуыл салдарынан байланыс жүйелері, радиолокациялық қондырғылар мен жойғыш ұшақтар тұратын ангарлар бүлінген. Жалпы, соңғы күндері АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдарынан 18 адам қаза тауып, 140-тан астамы жараланды. Құрбандар арасында алты әскери қызметкер бар. Тегеран алдағы уақытта да қарымта шабуылды жалғастыратынын мәлімдеді.

Израиль әскерінің Газа қаласына жасаған әуе соққысынан үш палестиналық қаза тауып, сегіз адам жараланды. Мерт болғандардың екеуі бала, біреуі әйел. Куәгерлердің айтуынша, шабуыл басталған кезде босқындар лагеріндегі балалар жүк көлігінің жанында су алып жатқан. Газа үкіметі бұл соққыны Израиль арнайы жасағының аймақтағы құпия операциясы деп отыр.

АБЕД, ТҰРҒЫН:

Балалар ыдыстарына су толтырып жатқан, кенеттен оқ жауды. Оның қайдан атылғанын, кімді нысанаға алғанын да түсінбедік. Жұрттың бәрі тұра қашты, әркім өз баласын іздеп, тығылатын жер қарастырды. Не болып жатқанын ұқпай, бейнебір компьютерлік ойындағыдай арлы-берлі сабылдық. Кішкентай қыздың басына оқ тиді, тағы бір бала жараланды. Біз әлі де есімізді жия алар емеспіз.

Дәл осы тұста Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Аль-Мугаййир ауылының тұрғындары Израиль әскерилері мен қарулы қоныстанушылардың шабуылынан қаза тапқан жасөспірімдерді ақтық сапарға шығарып салды. Жалпы, аймақтағы жағдай күн санап ушығып барады. ЮНИСЕФ-тің мәліметінше, қақтығыс басталғаннан бері Газа секторында 73 мыңнан астам палестиналық көз жұмған, оның 21 мыңға жуығы – балалар. Тағы 173 мыңнан астам адам түрлі жарақат алды.

Катмандудағы Багмати өзенінің жағасында орналасқан ғибадатханада жиналған жұрт аза тұтуда. Олар марқұмдардың денесінің орнына сабаннан тұлып жасап өртеп, соңғы сапарға шығарып салды. Өйткені Непалдағы жойқын тасқын кезінде ағысқа кеткен адамдардың мәйіті табылған жоқ. Бұл рәсім марқұмдардың жаны тыныштық тапсын деген ниетпен жасалатын жоралғы. Тасқыннан кейін Непалда 4200-ден астам адам әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде. Ал Трибхуван университетінің ауруханасындағы бос қабырға қазір жүздеген суретке толған. Оның бірі – із-түссіз жоғалғандар болса, екіншісі – әлі кім екені анықталмаған мәйіттердің суреті.

ПРАСАД ТИМАЛСИНА, ТҰРҒЫН:

Қабырғамыз қайысып отыр. Қайғы жанымызға батты. Меніңше, Расувадағы бұл тосын тасқынның зардабы 2015 жылғы жер сілкінісінен де асып түсті, бүкіл елге орасан нұқсан келтірді. Сункоши ауылынан 15 адам жоғалып кетті. Әлі бірде-бір мәйіт табылған жоқ. Қаза тапқандардың отбасылары діни жораларды жасауға кірісіп кетті.

Алапат тасқын көпірлерді шайып кетіп, үлкен аймақтар орталықтан үзіліп қалған. Сондықтан Непал билігі арнасынан тасыған Тришули өзенінің үстінен уақытша аспалы жол салды. Бұл қамауда қалған тұрғындардың өзеннің арғы бетіне өтуіне арналған жалғыз амал. Ауыл тұрғындары жойқын тасқыннан кейін сыртқы әлеммен байланыс үзіліп, бір апта бойы қамауда қалғандарын жеткізді.

САРИТА, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:

Бір жерден екінші жерге бару мүмкін емес. Қатынау тіпті қиын. Жолдар жабық болғандықтан, азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар жеткізілмей жатыр. Жұрттың бәрі жан сауғалап қашып жатыр, жағдайымыз мүшкіл.

Мұздықтың құлауынан туындаған бұл жойқын тасқыннан 1200-ден астам адам қаза тапты. Апаттан бері бір аптадан астам уақыт өтті, тірі қалғандар табылады деген үміт күн санап өшіп барады. Дегенмен Непал билігі іздеу-құтқару жұмыстарын тоқтаусыз жалғастыруда. Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен 900 адам су электр станцияларының астында қамалып қалуы мүмкін деген қауіп бар.

Қытайдың оңтүстігінде «Саудель» тайфунынан алапат су тасқыны басталды. Фуцзянь провинциясында толассыз жауынның салдарынан үш қабатты ғимараттың суға құлап түскен сәті таспаға жазылып қалған. Апатқа байланысты мектептер жабылып, қоғамдық көлік тоқтады, жүздеген мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл биыл Қытайды соққан жетінші тайфун. Метеорологтар мұндай сирек құбылысты «Эль-Ниньо» климаттық аномалиясымен байланыстырып отыр. Ал Қытай мен Непал шекарасындағы Гиронг портында жойқын көшкіннен кейінгі іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда. Мұз бен тастың құлауы жүздеген адамның өмірін қиды. Қазір 500-ден астам тұрғын хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде. Қалыңдығы 10 метрге жететін балшық пен тоқтаусыз жауын мамандардың жұмысын қиындатып, жаңа апаттардың қаупін тудырып отыр.

Испанияның Солтүстік Африкадағы Сеута анклавына шілде айының соңында мигранттар жаппай ағылды. Осы дағдарысты пайдаланып, жақтастарын көбейтпек болған ультра оңшыл белсенділер көпмәдениеттілікті мақтан тұтатын жергілікті тұрғындардың қатаң қарсылығына тап болды. Сеута халқының 40 пайыздан астамы – мұсылмандар. Ғасырлар бойы мұнда мәсіхшілер, мұсылмандар, яһудилер мен үндістер тату-тәтті өмір сүріп келеді. Сәрсенбі күні «Ревуэльта» ультра оңшыл жастар ұйымының белсенділері қаладағы митингте көз жасаурататын баллондар тарата бастағанда жергілікті жұрт секем алып қалған.

ФАРИД АХМЕД, ТҰРҒЫН:

Ультра оңшылдарға мұнда орын жоқ, өйткені бізді бөліп-жаратындардың керегі шамалы. Біз бір-бірімізді жақсы танимыз, құрметтейміз. Бір шаңырақ астында тұрған соң, ағайын арасындағыдай келіспеушіліктер болып тұрады, бірақ бізге өшпенділік отын тұтататындар қажет емес. Одан да ата-бабамыз қалап кеткен ынтымағымызды нығайтуға үлес қоссын.

ХУАН ХЕСУС ВИВАС, СЕУТА ҮКІМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Сеута – құрмет пен тату көршілік қағидаларына құрылған қоғам. Мұнда әркім өз сенімі мен көзқарасын еркін білдіре алады. Басқалардың шамына тимей немесе дұшпандық тудырмай, өз дәстүрін сақтап, шыққан тегін мақтан тұтуға толық еркіндік берілген.

Дағдарысты еңсеру үшін биліктен көмек сұраған мыңдаған адам «Түрлі сенім, жалғыз Испания» және «Бәріміз – Сеутамыз» деген ұрандармен шеруге шықты. Төрт мәдениеттің өкілдері біріккен бұл тарихи митингте халық арасына іріткі салып, экстремизмді насихаттағысы келетіндерге Сеутада орын жоқ екені айқын көрінді.

Бейсенбі күні Чили астанасы Сантьягода полиция мен шерушілер арасында қақтығыс болды. Студенттер, әйелдер және қоғамдық ұйымдар халықаралық ультра оңшылдардың басын қосқан «Мадрид форумына» қарсылық білдіріп, көшеге шыққан. Наразы топ тәртіп сақшыларына отшашулар мен түрлі заттар лақтырғаннан кейін, полиция оларды тарату үшін су шашатын көліктерді қолданды. Айта кетейік, «Мадрид форумы» – 2020 жылы құрылған Испания мен Латын Америкасының оңшыл партиялары мен саясаткерлерінің альянсы. Биылғы жиынға Аргентина президенті Хавьер Милей мен Чилидің консервативті саясаткері Хосе Антонио Каст қатысады деп жоспарланған.

← Барлық жаңалықтар