Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 15 қаралым

32 алтын алғанымыз рас

Білектілер мен жүректілер бақ сынаған Көшпенділер ойыны аяқталды. Десе де даланы дүбірге бөлеген жарыстың төңірегіндегі дау басылмай тұр. Айыр қалпақты ағайын жалпы есептің нәтижесін жариялауға асығар емес. Ал ел намысын қорғаған спортшыларымыздың жетістігі көңіл көншіте ме?

Иә, бір аптаға созылған байрақты бәсекеден күткеніміз көп еді. Көшпенділер ойынына қатысты әлеуметтік желіде түрлі видео тарады. Дегенмен қос тараптың өкілдері бұдан саяси астар іздеп қажеті жоқ екенін айтты. Барлығы тартыстың төңірегінде жан беріп жатыр.

СӘКЕН СЕЙІТХАНҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН КӨКПАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Біз, қазақтар, ойын алаңының ішіндегі жағдайға қалыпты қараймыз. Ол ұрып кете ме, соғып кете ме, ол ойын. Көкпарда көкпар бұл жігіттердің ойыны. Ол жерде біреу ұрып қояды, біреу соғып қояды деген секілді. Сол себепті оған қалыпты қарап үйрену керек. Оған жылап біз ештеңе айта алмаймыз.

Алайда бетіне тұяқ тиіп, ат астында қалып кетсе де қасқайып қайта тұрған Құрманбек Тұрғанбектің ерлігі көпке дейін көптің есінде қалары анық. Кесекті ер тартысты тоқтатуға кеңес берген дәрігерлерге де көнбеді. Ел үшін намысты қолдан бермеді.

ҚҰРМАНБЕК ТҰРҒАНБЕК, КӨКПАРДАН ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ:

Ойын ғой ол. Бірде былай, бірде былай. Құдай қаласа, алда әлі талай жарыстар болады. Қазір есеп екі де бір. Құдай қаласа, жақсы ойын көресіздер бұйырса. Жаңа ғана аттан жығылып, құлап қалдыңыз. Жарақат алмадыңыз ба? Бәрі дұрыс, уайымдамаңыздар.

Ал көкбөрінің жөні мүлдем басқа. Қазақ қазандыққа салып ойнамағалы он жылдан асқан. Бірақ біздің жігіттер алаңда барын салды, жанын салды, тек әттең салым салмады. Ал арқан тартыста Мейір Рахметқалиев мерейімізді асырды. Жұдырығы обадай, бармақтары баладай ирандық алыпты бір жапырақ қазақ баласы жұлып алды. Қаққан қазықтай қозғалмаған дәуді жеңіп, жанкүйерлерді қайран қалдырды.

Аламан бәйгеде алдымызға қара салмадық. Айман тұлпар аламанды жандырып, айналаны шаң қылып, жанкүйерлердің көзін таң қылып шапты. Садақ атудан да сұрмергендік таныттық. Алты спортшы барды. 4 медаль алды.

ЖАНДОС АЙТБАЙҰЛЫ, СПОРТ САРАПШЫСЫ:

Көптеген спорт түрлерінен біздің жігіттер өздерінің жоғары дайындықпен барғандарын көрсетті. Әсіресе мынау қол күрес, арқан тартыс дейміз. Басқа да интеллектуалды спорт түрлерінен жалпы қазақтың қыз-жігіттері кез келген спорт түріне бейім ғой. Мәселен, мынау сүйек сындыру дейді. Мангала дейді. Осы спорт түрінен медаль алып, мерейімізді тасытып жатты. Қынжылтатын сәттер де болды. Қазақ күресі деп айтамыз өзіміз. Бірақ қазақ күресінен бір ғана алтын алғанымыз түсініксіздеу болды.

113 елдің саңлақтары бақ сынаған бәсекеде Қазақстан құрамасы 74 медаль жеңіп алды, оның 32-сі алтын. Жалпы есепте көш бастап тұрмыз. Алайда алтын санаудың арты үлкен дауға ұласқан еді. Тек бүгін ғана нақты нәтиже тіркелді.

АСХАТ АЛАГӨЗОВ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Командалық есеп бойынша медальдарды санау кезінде ғана техникалық айырмашылық туындады. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысының медалін жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпы командалық есепте Қазақстан бірінші орынға ие болды. Әсіресе көк бөрі мен жер ұлақтан қырғыз және қазақ командалары тартысты ойын көрсетіп, спорттағы бәсекелестік тек жарыс алаңында ғана қалатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ал Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Көшпенділер ойыны екі елді қастыққа емес, достыққа шақыратын жарыс екенін баса айтты. Ал кеше мен бүгінді жалғаған алтын арқау екі жылдан кейін Татарстанда жалғасын таппақ.

← Барлық жаңалықтар