Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 16 қаралым

Әлем жаңалықтары

Миллион кімге бұйырады? Бүкіл лотерея сүйер қауымның назары осы күндері Англияға ауды. Себебі «Тұманды Альбионда» ойын бизнесіндегі қомақты ұтыстардың бірі тіркелді. Десе де, 1 млн фунт стерлингтің иесі әлі күнге дейін табылған жоқ. Ал қомақты жүлде биыл наурыз айында сарапқа салынған екен. Ұйымдастырушылар 616 млн теңгені кім алады деп бас қатырып отыр. Ең өкініштісі, жолы болған азаматтың ұтысты алуға бар-жоғы 3 тәулік қана уақыты қалды. Белгіленген мерзімде барлық санды тапқан ойыншы төбе көрсетпесе, билет күйіп кетуі мүмкін. Жаһандағы өзге де оқиғалар келесі топтамада.

Көрші Ресейде төтенше оқиға. Бұл жолы Кавказ таулары асау мінез көрсетті. Кабардино-Балкария Республикасындағы Мизинги шыңын бағындырмақ болған бір топ альпинисті қар басып қалды. Табиғаттың тосын мінезінен 11 адам опат болды. Тағы 6 турист із-түссіз жоғалып кетті. Жалпы, Кавказ тауларының ең биік шыңын бағындыруға 33 адамнан тұратын топ аттанған екен. Қалған 10 альпинист өз беттерімен таудан түскен. Жайсыз хабар жеткен бойда Ресейдің Эльбрус құтқару жасағы мен Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері Безеңгей шатқалына аттанды. Арнайы эвакуацияға барлығы 60-қа жуық маман жұмылдырылған. Ал іздестіру жұмыстарына екпінді жел мен таудың биіктігі кедергі келтіріп жатыр екен. Сондай-ақ қар көшкіні тағы да қайталануы мүмкін. Құзырлы органдардың дерегінше, ажал құшқандардың басым бөлігі шетел азаматтары.

Боингтің дәурені өтті ме? Соңғы уақытта алпауыт концернге тиесілі ұшақтардың басы даудан арылмай-ақ қойды. Бұл жолы «Амазон» компаниясы жалға алған Boeing 767 лайнері әуежайға қонар сәтте ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, көліктерді жаншып өткен. Төтенше оқиғадан 5 тұрғын қаза тапты. Тағы бірнеше адам ауыр жарақат алған. Ал апаттан Флорида штатының негізгі терминалдарының бірінің жұмысы тұралап қалды. Мамандар бір бүйіріне жантайған техниканы 10 сағаттан бері жөндеуге алып кете алмай, әбігерге түсті. Сондай-ақ әуе кемесі ұшу-қону жолағының бір бөлігін жарамсыз еткен. Құзырлы органдардың дерегінше, лайнер Пуэрто-Рикодан ұшып келген. Ал әуе компаниясының өкілдері барлық шығындарды өз мойындарына алатынын мәлімдеді.

АҚШ-қа көршілес Мексикада да төтенше оқиға. Ацтектер елінде пиротехника сақталған қойма жарылды. Ал фейерверктер дәл діни мейрам қарсаңында атылған екен. Себебі аймақ тұрғындары «Жебеуші әулие» мерекесіне қызу дайындалып жатқан. Алдын ала деректер бойынша, оқиғадан 9 тұрғын опат болып, 14 адам түрлі дене жарақатын алған. Тіпті жарылыстан жергілікті шіркеудің бір бөлігі опырылып қалды. Құтқарушылар үйінді астында тағы да адамдар болуы мүмкін екенін айтады. Қайғылы жағдайға байланысты жергілікті билік қылмыстық іс қозғады.

Миллиардтан астам халқы бар Қытайдың жаһан қауымдастығына кесірі тимей қоймайтын сияқты. Себебі дәл осы Бейжіңнің әсерінен 300 мың адам жыл соңына дейін жұмыссыз қалатын түрі бар. Тіпті дағдарыс барлығына бірдей емес, тек қана Еуропа елдеріне келе жатқан көрінеді. «Еурометалл» қауымдастығының болжамына сәйкес, Кәрі құрлықтың өңдеуші өнеркәсіп саласы Қытайдың екпінімен жұмыс күшінен айырылуы ықтимал. Ал шығыстағы көршіміз еңбек нарығын жаулап келе жатыр. Мәселен, Еуропаның белді компаниялары шикізатты Қытайдан сатып алуға мәжбүр. Себебі юаньның курсы қолжетімді. Салық мөлшері де аз. Көмірқышқыл газының қалдықтарына алынатын алым да арзан екен. Ал тығырыққа әбден тірелген Еуроодақ елдерінің еңбек нарығын күшейту үшін түрлі шаралар ұйымдастырудан басқа амалы жоқ.

← Барлық жаңалықтар