Елімізде қаржы нарығында бірқатар өзгеріс күтіледі. Жыл соңына дейін азаматтардың банктермен арадағы даулы мәселелерін қарайтын Бірыңғай қаржы омбудсмен кеңсесі жұмысын бастайды. Сонымен бірге нарықты бақылауға жасанды интеллект тартылмақ. Бұл жаңашылдықтар туралы бүгін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Президент қабылдауында айтты.
Кездесуде саланың сегіз айдағы нәтижесі пысықталып, алдағы міндеттер айқындалды. Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, банктердің активтері 75,6 триллион теңгеге жеткен. Ал кәсіпкерлерге берілген қарыз көлемі 16 триллион теңгені құрап, бизнеске көрсетілетін қолдау ауқымы артқан.
МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Банктер мен микроқаржы ұйымдары 900 мыңнан астам азаматтың берешегін қайта реттеді және 142 мыңнан астам азаматтың берешегі есептен шығарылды. Проблемалық қарыздарды ұжымдық реттеуге арналған FIN келісім.kz платформасы іске қосылды.
Сондай-ақ Президент «Самұрық-Қазынаның» жоспарымен танысты. Нұрлан Жақыповтың айтуынша, алдағы үш жылда энергетика, мұнай-газ, көлік және цифрлық инфрақұрылым бағытында 21 триллион теңгеге 38 бастама жүзеге асады. Биылдың өзінде 3,2 триллион теңгенің ірі жобасын аяқтау көзделген. Оның қатарында теміржол желілерін жаңғырту, газ өңдеу зауытын салу, жылыту нысандарын жаңарту және жаңа электр станцияларын іске қосу бар. Қасым-Жомарт Тоқаев белгіленген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.