Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 8 қаралым

Технология шаруалардың тірлігін жеңілдетті

Жер игеріп, мал баққан ата-бабамыздың кәсібі бүгінде жаңа сипатқа ие болып жатыр. Қазіргінің шаруасы бұрынғыдай ауа райына қарап отырмайды. Өйткені заманауи технологиялар агросекторды жаңа деңгейге шығарып, фермерлердің күнделікті жұмысын жеңілдетуде. Атап айтқанда, дрондар, сенсорлар, интеллектуалды суару сияқты цифрлық шешімдер ресурстарды ұтымды пайдалануға негіз болып отыр.

Мұның өзге де артықшылығы бар. Ол ауыл шаруашылығы тауарларын әлемдік нарыққа шығарудың да таптырмас мүмкіндігі. Президент былтырғы Жолдауында дәл осы мәселеге айрықша тоқталған еді. Соның аясында агротехниканы жаңарту, ғылыми-зерттеу, өнімді қайта өңдеу үлесін арттыруға басымдық беріліп жатыр.

Инновацияның шарапатын Ақмола облысының шаруалары да анық сезіне бастады. Солардың бірі – «Даниловское» серіктестігі. Диқандар алқап басындағы жұмысты цифрлық жүйемен бақылайды. Тың технологиялар түсім өнімділігін алдын ала болжауға, шығындарды дәл есептеуге мүмкіндік беріп отырған көрінеді.

АЙБАТ ЕСЕНТҰРОВ, ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІКТІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Жаман емес. Бұршағымыз 18 центнер берді, лён 16 центнер берді. Сапасы жақсы болуға тиіс. Ылғал бар жерде өнім жақсы болады. Сондықтан, міне, сол бағытта жұмыс істеп отырмыз. Сапалы өнім алу үшін әрқашан да жермен жұмыс істеу керек. Жерге тыңайтқыш салу керек. Жерге дұрыс мамандар керек. Енді айтқанда, ауа райы да жақсы, ылғалдың жақсы, мол болуы тиіс. Сол кезде жақсы өнім болады.

Цифрлық жүйе басты күшке айналса да, мемлекеттің қолдауы болмаса бәрі бекер. Үш жыл бұрын шаруалардың несібесіне деп қазынадан 140 миллиард теңге бөлінген болса, қазір қаржыландыру көлемі 7 есеге өсіп, 1 триллионға жетіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау бір сәт тоқтамайтынын айтып, мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламаларды жандандыруды тапсырған-тұғын. Осы бағыттағы «Ауыл аманаты», «Кең дала», «Кең дала-2» жобалары өндірісті өрістетуге серпін беруде.

ҒАЛЫМЖАН ӘБДІХАЛЫҚОВ, ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІКТІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Мемлекеттік қолдау жалпы түгелімен жүріп жатыр. Біз 1440 басқа арналған сүт-тауарлық ферма салып жатырмыз. Одан 50 тонналық сүт зауытын салып жатырмыз. Осының барлығы Үкіметтің көмегі. Оның субсидиясы, қаржылай көмектері, 2 пайыздық тегін несиелер. Оның бәрін қолданып жатырмыз. Ол болмаса, осындай үлкен жобаларды жүзеге асыру, жақсы өнім алу оңай емес.

Жаңа технологиялар мен ғылымды ұштастыру да маңызды міндет. Өйткені ұтымды зерттеулер еңбек өнімділігі мен сапасын арттырады. Саланың бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Осы орайда құзырлы министрлік ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу үлесін 40 пайызға жеткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл бағытта технологияның тілін білетін заманауи кәсіп иелерін даярлау мәселесі тағы бар. Ведомствоның болжамынша, 2035 жылға дейін агроөнеркәсіптік кешенге 73 мың маман қажет болуы мүмкін.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, заманауи ауыл шаруашылығы өндірісінде тиімді еңбек ете алатын білікті кадрларды даярлау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Дәл осындай кадрлық тәсіл ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз етуге, еңбек өнімділігін арттыруға және аграрлық саланы жастар үшін тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған бастама мұнымен шектелмейді. Пайдаланылмай жатқан жерлердің тиімділігін арттыру, қайта бөлу мәселесі де күн тәртібінде. Мұндағы мақсат – бос телімдерді нақты экономикалық айналымға тарту.

МҰРАТ ТЕМІРЖАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ ЖЕР РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл ретте жерді қайта бөлу формалды түрде емес, өңірлердің нақты қажеттіліктерін ескере отырып жүзеге асырылуы маңызды болды. Осыған байланысты ауылдық елді мекендерді қоғамдық жайылымдармен қамтамасыз етуге, мал шаруашылығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға басымдық берілді. Бүгінгі таңда мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің 5,5 миллион гектары жергілікті халықтың қажеттіліктері үшін, ең алдымен қоғамдық жайылым ретінде бекітілді.

Осылайша, технологиялық жаңғыру өнімділікті арттырудың тың әрі тиімді тәсіліне айналып барады. Фермерлерге арналған онлайн сервистер, смарт фермалар және ветеринариялық телемедицина аграрлық саланың аясын кеңейтіп, әлеуетін арттыра түспек.

← Барлық жаңалықтар