Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 24 қаралым

Жаһандағы өзге де оқиғалар

Америкада барлығы қолжетімді. Мұхиттың арғы бетінде қалтаңда қаржың болса, жағажай сатып алуға мүмкіндік бар. Мұндай ерекше қызмет АҚШ-қа тиесілі Мартас-Виньярд аралдарында пайда болды. Десе де, жер телімінің жаңа қожайынына қойылатын бірнеше талап бар. Қыруар қаржы төлеген азаматқа қандай да бір құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады.

Қазірдің өзінде ерекше жылжымайтын мүлікке иелік еткісі келген жандардың қарасы қалың. Бұл қызметтің орташа құны 650 мың доллардан басталады. Жаһандағы өзге де оқиғалар келесі топтамада.

ЖАНАРТАУ АТҚЫЛАДЫ

Оңтүстік-Шығыс Азия елдері тағы да қауіптің бел ортасында қалды. Бұл жолы жер сілкінісі емес, халықтың мазасын ұзақ уақыт ұйқыда жатқан жанартау ала бастады. Аймақтағы ең ірі Индонезияда бір мезетте 5 бірдей вулкан атқылады. Ал шашыраған лава бірнеше шақырым төңірекке таралды. Сондай-ақ аспанға көтерілген күл айналаны қара түнекке айналдырды.

Жергілікті билік қауіпсіздік мақсатында 3 мыңға жуық әуе рейсін кейінге қалдырды. Елдің әуежайларында 340 мың жолаушы діттеген жеріне жете алмай отыр. Жағдай әсіресе Анак-Кракатау аралдарында күрделі. Жермен аттас жанартау өткен аптаның соңынан бері дамылсыз атқылап тұр. Құтқарушылардың ескертуіне қарамастан журналистер сәтті кадр үшін басын қатерге тігіп келеді. Мәселен, Тынық мұхитындағы елсіз аймаққа барған 8 адам із-түссіз жоғалып кеткен көрінеді. Олар жергілікті БАҚ өкілдері болуы мүмкін.

СОТ ОТЫРЫСЫ БАСТАЛДЫ

Парижде еңбек мигранттарына қатысты сот отырысы басталды. Фемида өкілдерінің алдында 14 адам жауап беріп жатыр. Олар Ла-Манш бұғазы арқылы заңсыз босқын тасу қызметін ұйымдастырған. Бүкіл Еуроодақты дүрліктірген ірі оқиға 2021 жылдың қарашасында болған еді. Сол уақытта Ұлыбританиядан Францияға бағыт алған жолаушыларға лық толы қайық аударылып, 30-дан астам адам қаза тапты.

Тергеу дерегіне сүйенсек, шағын су көлігі ашық теңізге шығуға арналмаған екен. Ал құтқару жилеті жолаушылардың барлығына жетпей қалған. Ал арзан жұмыс күшін Парижге ауған және күрдтерден құралған арнайы ұйымдасқан қылмыстық топ тасымалдауы мүмкін. Бұл қайғылы оқиға Еуропа елдеріндегі мигранттарға қатысты біраз ереженің қайта қаралуына түрткі болды.

ДАУЫЛ КЕЛЕ ЖАТЫР

Табиғаттың тосын мінезінен көз ашпайтын Гавай аралдарына тағы бір нәубет келе жатыр. АҚШ-тың ең шеткі штатына Лоуэлл деп аталатын дауыл жақындап қалды. Бірақ «жұт жеті ағайынды» демекші, құйын өзімен бірге нөсер жауын мен екпінді желді ілестіріп келеді екен. Жергілікті билік су тасқыны мен топырақ көшкініне қызу дайындыққа кірісті.

Сондай-ақ тікұшақтар, жұмыс күші мен техникалар да сақадай сай. Мысалы, аралдың кейбір бөлігінде мектептер мен мекемелер жабылып, тұрғындарға үйлерінен шықпауға кеңес берілді. Ал Лоуэлл дауылы метеорологиялық кесте бойынша қауіптіліктің үшінші санатына жатады. Табиғи құбылыс кезінде желдің екпіні 185 шақырымға дейін жетуі мүмкін.

ЖИ-ГЕ ЭНЕРГИЯ КЕРЕК

Жасанды интеллектке де энергия керек. Мәселен, нейрожүйені мықтап қолға алған Оңтүстік Корея алдағы уақытта жарық тапшылығын сезінуі мүмкін. Таңғы жұпар елінде жаңа технологияның енгізілуінен жарық электр станцияларына айтарлықтай салмақ түсіпті. Мысалы, қазір Корея өндіріс пен құрылыс саласын кеңейту үшін ақпараттарды өңдейтін жасанды интеллект орталығының іргетасын қалайын деп отыр.

Сондай-ақ халықтың электркөліктері мен электр жылу жүйесіне ауысуы да жарық желілеріне жүктеме болатын түрі бар. Ал тығырыққа тірелген билік шұғыл түрде 2042 жылға арналған стратегиялық жоспар құруға кірісті. Алдағы 1-2 жылда Үкімет шарасыздықтан жаңа атом реакторының құрылысын мақұлдауы мүмкін. Қазір ұлтарақтай Сеулдың өзінде дәл осындай 26 нысан бар.

← Барлық жаңалықтар