Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 14 қаралым

Туысын құттықтайтын депутаттар жазаланады

АСТАНА

Құрылтай депутаттарына талап күшейді. Су жаңа ережеге сәйкес, енді заң жобалары үш оқылымда талқыланады. Ал халықаралық келісімдерді ратификациялау немесе олардың күшін жою туралы нормативтік актілер екі оқылымда қаралмақ. Сондай-ақ тарих қойнауына енген Сенат пен Мәжіліске енгізіліп, аяқсыз қалған заң жобалары Құрылтайда қайта қаралады. Сонымен қатар халық қалаулылары әр сессия сайын өңірлерге екі рет іссапармен баратын болды. Әріптесім Үсен Астананы тыңдайық.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Өткен аптада ресми жұмысын бастаған Құрылтайдың бүгін алғашқы жалпы отырысы өтті. Заң шығарушы органның аты ғана емес, заты да ауысқан, регламенті, тәртібі бәрі өзгеше. Алдымен депутат Снежанна Имашева әріптестеріне жаңа әдеп ережесін таныстырды. Енді Құрылтай өкілдері тәртіпке бағынбаса, себепсіз отырыстарға қатыспаса, бұрынғы кейбір депутаттар секілді мінберден туысын құттықтаса, әр айтқан сөзіне я әлеуметтік желідегі жазбасына абай болмаса, 1 немесе 3 рет жиында сөз сөйлемейді, тіпті бір күндік жалақысынан айырылуы мүмкін екенін жеткізді.

СНЕЖАННА ИМАШЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Құрметті әріптестер, жалпы алғанда, регламент жобасы құрылтай қызметінің толыққанды рәсімдік негізін қалайды. Ол тек ішкі жұмыс тәртібін бекітумен шектелмейді. Регламент ең алдымен заң жобаларын кәсіби, дәйекті әрі мазмұнды түрде қарауға жағдай жасайды. Дәл осы тәсіл Құрылтайға заң шығарушы билікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы ретінде өзінің конституциялық рөлін толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Барлығы бірдей дауыс беріп, тиісті қаулы қабылданды. Күн тәртібіндегі мәселе де шешімін тапқан соң, Құрылтай тарихындағы алғашқы депутаттық сауалды «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады. Ол 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылауды сұрады. Депутат еліміздегі балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар екенін және олардың барлығын бірдей ата-анасы қадағалап отырмағанын жеткізді.

ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл балалардың цифрлық ортаға жоғары деңгейде тартылғанын, алайда ата-ана тарапынан бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондай-ақ балалар әл-ауқаты индексіндегі 10–18 жас аралығындағы әлеуметтік желілер арқылы жасалатын буллингке ұшыраған балалардың көрсеткіші екі еседен асып, 2024 жылы 15 пайызға, 2025 жылы 33,5 пайызға көтерілген. Мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруында ғана емес, оның уақыты мен жадын жоғалтуында.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Депутат осылайша Үкіметтен 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеуді, цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мектептерде медиасауатты оқытуды және оның ұл-қыздардың денсаулығына әсерін мониторинг жасайтын жүйе енгізуді талап етті. Балалардың болашағына алаңдап депутаттық сауал жолдағандардың қатарында «Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов та бар. Халық қалаулысы ауыл мен қала балаларының спорт, өнер, музыка, робототехника және IT бағыттарындағы қосымша білім алу мүмкіндіктері әлі де әртүрлі екенін атап өтті.

ШАХМАРДАН БАЙМАНОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Ауыл баласының таланты ауылда қалып қоймауы керек. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігінен ауылдық жерлердегі қосымша білімнің қолжетімділігі мен сапасын одан әрі арттыру, ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты азайту, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстың орындалуын бақылау мен орындаушылардың жауапкершілігін күшейту бойынша қосымша шаралар қарастыруды сұраймыз. Қала мен ауыл баласына мүмкіндік тең болуы тиіс. Бұл – ауылдың болашағына салынған инвестиция.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Бүгін Үкіметке он депутаттық сауал жолданып, күн тәртібіндегі көкейкесті тақырыптар бойынша халық қалаулылары арнайы брифингте тікелей жауап берді. Алдағы уақытта да осы ашық формат пен жүйелі тәртіп өз жалғасын табады.

← Барлық жаңалықтар