Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 16 қаралым

Әр азаматқа 5000 доллар

АҚШ-та үш мың адамның өмірін алып кеткен терактіге кеше 25 жыл толды. Манхэттенді қос мұнараның шаңы басып, талай тағдырды шырылдатқан оқиғаның салдарын халық әлі тартып келеді. Reuters агенттігінің зерттеуіне сүйенсек, Дүниежүзілік сауда орталығындағы жайтқа байланысты 85 мың ауру жағдайы тіркелген. Соның 30 пайызы қатерлі ісікке қатысты. Трагедияның салқыны тиген жандардың арасында жаман дертке шалдыққандар көрсеткіші биыл 27 мың адамнан асыпты. Сол сәтте ауаға тараған улы заттың әсері сан жылдардан кейін де шығып отыр. 2001-дің алғашқы күз айын күңірене еске салатын АҚШ тарапының 11 күн бұрын Иранға әуеден соққы жасауы нонсенс болып отыр. Қарама-қайшылыққа толы әрекетті әлем халқы айыптап отыр.

Дональд Трамп халықтың дауысын сатып алмақшы ма? АҚШ президенті қараша айында өтетін аралық сайлауда республикашылдар Конгрессті өз бақылауында сақтап қалса, әрбір кәмелетке толған ел азаматына 5000 доллар көлемінде «Трамп дивидендін» төлейтінін мәлімдеді. Бұл — сайлаушыларды өз партиясын қолдауға үндеген ерекше, тіпті тосын қадам. Далласта өткен Республикалық партияның съезінде айтылған бұл ұсыныстың қалай жүзеге асатыны және қаншалықты заңды екені әзірге белгісіз. АҚШ-та 270 миллионнан астам ересек адам тұратынын ескерсек, шамамен 1,35 триллион доллар керек.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Егер республикашылдар АҚШ Өкілдер палатасы мен Сенатындағы сайлауда жеңіске жетсе, тарихта бұрын-соңды болмаған орасан зор экономикалық табыстарымыздың арқасында Америка Құрама Штаттарының әрбір кәмелетке толған азаматына 5000 доллар көлемінде дивиденд төлеймін. Бұл табысты компанияның өз акционерлеріне ақшалай қаражат төлеуімен бірдей.

Қоғамдық сауалнамалар президенттің рейтингі рекордтық төмен деңгейге түскенін көрсетсе де, Трамп осылайша өзін екі жыл бұрын билікке әкелген сайлаушыларды қайта жұмылдыруға тәуекел етіп отыр.

ВАЛЕРИ ХОЛЛ, ТҰРҒЫН:

Маған бәрі өте ұнады. Оны кеше кешке де көрдік. Керемет, жігерлі адам. Біз 5000 доллар алатынымызға қуаныштымыз.

ЭРИК КЛЭПШОУ, ТҰРҒЫН:

Ақшаның саясаткердің емес, өз қалтамда болғанын қалар едім. Мен бұл қаржының мемлекеттік қарызды өтеуге жұмсалғанын қалаймын. Бірақ олар қарызды жабуға ниетті болмаса, онда ақшаны өзімізге берсін. Өйткені олар ақшаны Америка азаматтарынан басқасының бәріне таратып жатыр.

Дегенмен президенттің Таяу Шығысқа қатысты саяси уәделерінің жуық арада орындалуы екіталай. Ақпан айында АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан кейін басталған қақтығыстың аяқталар түрі көрінбейді. Бұл жағдай Трамптың әскери қысым немесе дипломатиялық келіссөздер арқылы мәселені тез арада шешу туралы ұмтылыстарын әзірге жоққа шығарып отыр.

11.09.01…

АҚШ-тағы саяси дода қызып жатқанда, Америка халқы тарихындағы ең қайғылы даталардың бірін еске алуда. 11 қыркүйектегі лаңкестік әрекеттің 25 жылдығы қарсаңында Нью-Йорк айлағының үстінде дрондар Егіз мұнаралардың бейнесін қайта жаңғыртты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл инсталляцияны жасау үшін 2001 жылғы террорлық шабуылдан қаза тапқан әрбір адамның рухына арнап 2977 шам қолданылған. Бұл ерекше жоба қаза тапқандардың отбасылары, апаттан аман қалғандар және төтенше жағдайлар қызметкерлерінің пікірін ескере отырып, аса ұқыптылықпен әзірленген.

ҚАРА ЖАМЫЛҒАН ҚАРАША

Өз жеріндегі лаңкестік құрбандарын аза тұтып, бейбіт халықтың қадірін ұлықтап жатқан АҚШ-тың өзге елдегі әрекеті қайшылыққа толы. 1 қыркүйекте америкалық авиацияның Иранның оңтүстігіндегі той кортежіне жасаған әуе соққысы жергілікті халықтың жаппай наразылығын тудырды. Хормозган провинциясының Сирик округіндегі бейбіт шеруге жасалған шабуыл салдарынан төрт адам қаза тауып, кем дегенде 90 адам жарақат алған.

ТЕГЕРАН ТҰРҒЫНЫ:

Біз қабылданатын шешімнің екі мақсатқа жетуін қалаймыз: Иранға шабуыл жасаушылардың бетін қайтару және бейбіт тұрғындарды қорғау.

ТЕГЕРАН ТҰРҒЫНЫ:

Қарапайым халық құрбан болған кезде, мұндай шабуылдар қайталанбауы үшін қарымта әрекеттер әлдеқайда батыл әрі қатаң болуы тиіс.

Иранның Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың бұл соққысын «әскери қылмыс» деп қатаң айыптады. Шабуылдан кейін көп ұзамай Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы кек алу мақсатында аймақтағы америкалық базалар мен нысандарға соққы бере бастағанын мәлімдеді.

ТАҒДЫРЫ ҚЫЛ ҮСТІНДЕ…

Таяу Шығыстағы бейбіт халықтың қасіреті тек Ирандағы жағдаймен шектелмейді. Соғыс өрті шарпыған Газа секторындағы палестиналықтар өз жерінен күштеп көшіру қаупіне тап болып отыр. Олар Израиль министрлерінің халықты сектордан шығару туралы мәлімдемелерін қатаң айыптап, қандай жағдай болмасын туған жерлерінде қалуға ант берді.

ХАММАМ АВАД, БОСҚЫН:

Бұл біздің ата-бабамыздың жері. Біз бұл мекенді туғаннан бері білеміз. Қайда көшуіміз керек? Осы жерді тастап кетуіміз керек пе? Қалай кетеміз? Егер біз кетсек, балаларымыз да кетеді, ал жер еврейлерге қалады. Бұл мүмкін емес. Біз өз елімізде қалуымыз керек. Олар не істесе де, біз осында қаламыз.

НАДЖУД ШАВКИ, БОСҚЫН:

Біз халықты күштеп көшіруге қарсымыз. Оларға айтарымыз: егер біздің мәселемізді шешкілеріңіз келсе, нақты шешім табыңыздар, құрылыс материалдарын әкеліңіздер, бізге өмір сүруге мүмкіндік беріңіздер және бұрынғы қалыпты өмірімізді қайта құруға рұқсат етіңіздер.

Израильдің Ұлттық қауіпсіздік министрі ұсынған жоспарға сәйкес, бірінші жылы 250 мың палестиналық Газадан кетуі тиіс болса, жалпы жеті жыл ішінде халықтың басым бөлігі көшірілуі керек деген болатын. Алайда бұл қатаң талап халықаралық қауымдастықтың наразылығын тудырды.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫС

Таяу Шығыстағы қақтығыстар мен жаһандық геосаяси шиеленістер Таяу Шығыс аумағымен ғана шектелмей, Еуропа экономикасына да ауыр соққы болып тиді. Кәрі құрлықты биыл қыста ауыр энергетикалық дағдарыс күтіп тұр. Еуропалық аудиторлар сотының мәліметінше, Одақтың ресейлік энергия көздерінен бас тарту жоспары тығырыққа тірелген.

Қазірдің өзінде газ қоймалары 67 пайызы ғана толған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Мамандар газ тұтынудың азаюын саяси шешімдердің тиімділігіне емес, керісінше, былтырғы қыстың жылы болуымен және бағаның тым шарықтап кетуімен байланыстырады. Оған қоса, Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы да Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіне соққы болды. Энергия құнының өсуі, ең алдымен, қарапайым халықтың қалтасын қағып отыр.

БЕЛЬГИЯ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жағдай дизель бағасына қатты әсер етті. Мен көлікті жиі айдаймын, сондықтан шығыным айтарлықтай артты. Мысалы, бұрын айына 200 еуро жұмсайтын болсам, қазір бұл сома екі есеге өсіп, шамамен 400 еуроны құрап отыр.

БЕЛЬГИЯ ТҰРҒЫНЫ:

Осыдан бірнеше жыл бұрын шағын үйде тұрдық, ол кезде газ бен жарық үшін айына небәрі 150 еуро төлейтінбіз. Ал қазір бұл шығын айына 300-400 еуроға дейін жетті.

Мәселен, Бельгияның жекелеген аймақтарында электр қуатының бағасы орташа есеппен 15 пайызға, ал табиғи газ 26 пайызға қымбаттаған. Мұндай өсім әр отбасының жылдық шығынын шамамен 610 еуроға көбейтеді. Жанармай қымбаттаған соң, тұтынушылар электромобильдерге көшуді ойластырғанымен, қоғамдық станцияларда қуаттау құны да арзан емес.

Осы орайда Кремль өкілдері Еуропаның қысқа дейін газ қоймаларын толтырып үлгермейтінін ескертіп, оларды саяси кедергілерді ысырып қойып, арзан энергия көздеріне, соның ішінде «Солтүстік ағын» құбырына қайта оралуға шақыруда. Алайда саяси ұстанымдар мен принциптер Еуропаға прагматикалық шешім қабылдауға мүмкіндік бермей отыр, ал оның ауыр зардабын құрлықтың қарапайым тұрғындары тартуда.

← Барлық жаңалықтар