Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 32 қаралым

Президент Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды

Президенттің Сары құрлық алпауыттарына сапары жалғасып жатыр. Кеше ғана Үндістанда БРИКС саммитіне қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев бірден «таңғы шық» еліне аттанды. Сеул әуежайына қонған Мемлекет басшысын Корея Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Пэ Гён Хун күтіп алды.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мённың шақыруымен Сеулге мемлекеттік сапармен келді. Сапардың алғашқы күнінде Президент Қазақстан мен Корея арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосқан бірқатар кореялық азаматты марапаттады.

Салтанатты рәсімде Кореяның мемлекет және қоғам қайраткерлеріне II дәрежелі «Достық» ордені табысталды. Президент бұл марапатты екі ел арасындағы достық пен серіктестікті нығайтуға қосқан үлестің белгісі деп бағалады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Екі елдің арасы алшақ болғанымен, бізді өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастырды. Қазақ халқы мен билік өкілдері достас Корея еліне шынайы сыйластықпен қарайды.

Президенттің қолынан марапат алғандардың ішінде Хангук шет тілдері университетінің профессоры Сон Ён Хун да бар. Ол 20 жылдан бері қазақ тілінен дәріс оқып, корей халқына Қазақстан мен оның мәдениетін дәріптеп келеді.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Сапардың негізгі саяси және экономикалық шаралары алда. Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Президенті Ли Чжэ Мёнмен келіссөз жүргізеді. Кездесуде сауда мен инвестиция, энергетика, цифрлық технологиялар, өнеркәсіп және маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық талқыланады деп жоспарланған.

Ал 16 қыркүйекте Сеулде тұңғыш рет «Орталық Азия» саммиті өтеді. Басқосуға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшылары қатысады. Сондықтан бұл сапар Қазақстан мен Кореяның екіжақты қарым-қатынасын ғана емес, Орталық Азия мен Корея арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруімен маңызды.

← Барлық жаңалықтар