Танымал кореялық кроссовердің жаңа моделі енді Қазақстанда шығарылады. Қазақстан мен Корея арасында Hyundai Tucson өндірісі туралы келісімге қол қойылды. Бұл брендке тиесілі жеңіл автокөліктер елімізде 2020 жылдан бері құрастырылып келеді. Бүгін Сеулде Мемлекет басшысы ірі кореялық компаниялардың жетекшілерімен кездесіп, бірлескен жобаларды талқылаған еді. «Таңғы шық» елі бүгінге дейін елімізге 12 миллиард доллар инвестиция құйған.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Бүгін дәл осы алаңда Қазақстанның жауапты органдары мен Кореяның бизнес алпауыттары бір үстел басына жиналды. Мақсат — келісімді қағаз жүзінде қалдырмай, нақты жобаларға айналдыру. Өйткені инвестиция — жай ғана қаржы емес. Ол — жаңа кәсіпорын, озық технология және халық үшін тұрақты жұмыс.
Қазақ-корей іскерлік орта өкілдерінің дөңгелек үстелінде машина жасау, энергетика, көлік-логистика, жасанды интеллект, медицина және ауыл шаруашылығы салаларындағы мүмкіндіктер сараланды. Қазақстанның түбегейлі экономикалық жаңғыру кезеңіне қадам басқанын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның бизнес өкілдерін бұл бағыттағы жұмысты үдетуге үндеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Корея Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді корей капиталының үлесі бар мыңнан аса компания жұмыс істейді. Біз қарым-қатынасымызды мүлдем жаңа деңгейге көтеріп, достық әрі серіктестік байланыстарды барынша нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі сапар осыған дейінгі жетістіктерімізді түйіндеп, өзара ықпалдастыққа тың серпін беруге орайлы мүмкіндік беріп отыр.
Корея — Қазақстанның Азиядағы негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі. Осы уақытқа дейін елімізге құйылған кореялық инвестиция көлемі 12 миллиард долларға жетті. Ендігі міндет — бұл серіктестікті нақты өндірістермен толықтыру. Алматыда отандық автозауыттарға қажетті бөлшектер шығаратын кәсіпорын ашу жоспарланған. Мұнда көліктің бәсеңдеткіші, орындық қаптамасы, еден жабыны, сымдар будасы мен дөңгелек дискілері өндіріледі.
Инвестициялық әріптестіктің тағы бір нәтижесі — ұшқышсыз ұшу аппараттарының өндірісі. Павлодар облысындағы кәсіпорын кореялық технология мен қазақстандық өндірістік мүмкіндікті ұштастырып отыр. Ең маңыздысы — бұрын сырттан әкелінген бөлшектер енді елімізде жасала бастады.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Айбар, Керме, Самғау, Қыран. Бұл — жай ғана атаулар емес. Павлодар облысында кореялық инвесторлармен бірлесіп шығарылатын төрт түрлі дрон. Қазір олардың құрамдас бөлшектерінің 50 пайызға жуығы Қазақстанда өндіріледі. Демек, шетелдік инвестиция дайын өнім сатып алуға емес, өз өнімімізді жасауға жол ашып отыр.
ЛИ ЧЖОНГЁН, PRENEU CO. LTD. КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Біздің бірлескен жобамыз осыдан екі жыл бұрын басталды. Сол кезде қазақстандық серіктесіміз, DKB Group басшысы Ержан Әуезов мырзамен алғаш рет таныстым. Кейін Kazakhstan Korea Drone Systems — KKDS бірлескен кәсіпорнын құрдық. Қазақстандықтармен жұмыс істеу барысында олардың өте ашық, алға қойған мақсаты айқын әрі ынталы екенін байқадым. Әрине, арамызда тілдік кедергі бар, сондықтан кейде белгілі бір қиындықтар кездеседі.
Сеулдегі келіссөздер дөңгелек үстелмен шектелмей, Hyundai Motor Group, Lotte Group, KIND және Hanwha Group компанияларының басшыларымен жеке кездесулерге ұласты. Тараптар Кореяның технологиясы мен өндірістік тәжірибесін Қазақстанның мүмкіндіктерімен ұштастырып, бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделі. Нәтижесінде елімізде өндірілген өнім ішкі сұранысты өтеп қана қоймай, көршілес нарықтарға да шығарылмақ.