«Әділдік» тарихи шындыққа объективті көзқарастан басталады. Жұртымыздың өткені жалған дерекпен бұрмаланбауы тиіс, деген депутаттар Президенттің бастамасына үн қосты. Шолпан Каринованың айтуынша, қазір, әсіресе, ақпараттық кеңістікте Қазақстан тарихы жайлы күмәнді мәлімет көп. Оның алдын алу үшін ұлттық сана мен құндылықтарды ілгерілетуге қатысты жаңа тетіктер қажет, дейді халық қалаулысы. Мәдениет және ақпарат министріне сауал жолдаған депутат негізсіз мәліметке жедел жауап беретін жүйе қалыптастыруды, TikTok, Instagram, YouTube платформаларында тарихи контентті заманауи форматта насихаттауды ұсынды.
ШОЛПАН КАРИНОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Ақпараттық саясат тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық құндылықты дәріптеуге және елдегі өзгерісті дұрыс түсіндіруге қызмет етуі қажет. Бұл әсіресе жастар үшін маңызды. Өйткені бүгінгі ақпарат ертеңгі қоғамдық көзқарасқа әсер етеді. Ұлттық тарихи сананы қалыптастыруды мемлекеттік ақпараттық саясаттың басты бағытының бірі ретінде айқындауды, Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыруды сұраймыз.