Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 23 қаралым

Тазалық – ортақ міндет

Бүгін қазақстандықтар кетпен, күрегін сайлап көшеге шықты. Отанына олақ қарамайтындар дала төсін қоқыстан тазартып, тал-теректің түбін қопсытты. Бүкіләлемдік тазалық күніне үн қосқан бұқара мыңдаған тонна қалдық шығарып үлгерген. Президенттің өзі қатысқан іс-шара мұқым елді бір мақсатқа жұмылдырып, өскелең ұрпаққа өз отанымыздың тазалығын да өзгелер қызығатындай етіп ұстау керектігін сөзбен емес, іспен дәлелдеді.

Табиғатқа қамқорлығыңды, қоршаған ортаға жанашырлығыңды жай сөзден гөрі нақты іспен көрсеткен әлдеқайда нәтижесін беретіні анық. Ертең жаһанда тойланатын Бүкіләлемдік тазалық күнінің мақсаты да – сол. Ал ауқымды іс-шара елдегі «Таза Қазақстан» жобасымен тұспа-тұс келіп отыр. Айтулы дата қарсаңында елорда төрінде экологиялық акция өтті. Сенбілікке еріктілер, қоғам белсенділері мен бірге Мемлекет басшысы да қатысып, Президент саябағының аумағында ағаш екті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Таза Қазақстан жобасының мақсаты елімізді көркейту, жұртымызды ортақ іске жұмылдыру арқылы ынтымақ, бірлігімізді күшейту. Бүгінде Қазақстанның әр аймағында ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Жыл басынан бері еліміз бойынша 600-ден астам түрлі экологиялық іс-шаралар өтті. Осы маңызды жұмысқа 7 млн-нан астам адам қатысты. 130 мыңнан астам гектар жер тазартылды.

Акцияға белсенді түрде атсалысқан аймақтардың арасында елорда көш бастап тұр. «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы Астанада 1 млн 400 мың адам сенбілікке шыққан. Ал жыл басынан бері бас қалада 400-ден астам экологиялық іс-шаралар өткізіліпті. Осы уақытқа дейін тұрғындар 1 млн түп жасыл желек отырғызған.

ЕЛДАРА ОБАЙДУЛЛИНА, ЕРІКТІ:

Тұрып жатқан қаламызға, туған жерімізге деген сүйіспеншілігіміздің бірден-бір белгісі деп білемін. Осындай сенбілікке бізге қатысып, өз үлесімізді қоссақ, біз үшін ол үлкен мәртебе.

Ауқымды шарадан Алматы жұртшылығы да шет қалмады. Бүгін мегаполисте Төтенше жағдайлар департаментінің бір топ маманы қала аумағын қоқыстардан тазартып, ағаш отырғызды.

ЕРБОЛ АНУАРБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Таза Қазақстан акциясына әр сенбілікке белсенді атсалысады. Жеке құрам арасында қаламыздың таза сақталуына үлкен үлесін қосады. Қазіргі таңда бүгінгі іс-шараға біздің департаменттен 50 қызметкер келіп, бүгінгі сенбілікке белсене атсалысатын болады.

Шымкент жұртшылығы да сенбінің демалысын пайдалы іспен бастады. Қала тұрғындары еліміздегі ең ірі дендросаябақ аумағын күл-қоқыстан тазартып, көшет екті. Жалпы, акцияға еріктілер, экобелсенділер мен ардагерлер арнайы келді. Тұрғындар бірнеше сағаттың ішінде 270 тонна тұрмыстық қалдық жинапты.

ӘБІЛҚАЙЫР ОҢҒАР, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біздің есеп бойынша қаламыздың 40 мыңнан астам тұрғыны осы іс-шараға өз үлесін қосуда. Жалпы, сенбілік барысында көпқабатты тұрғын үйлер, қоғамдық кеңістіктер, су арналары, сонымен қатар қаламыздың жасыл белдеулеріндегі алқаптар қураған шөптерден тазартылып, қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Еліміздің батыс өңірлері де шарадан шет қалмады. Айтулы күні Ақтөбенің әкім-қарасынан бастап, жастар мен еріктілер, белсенді тұрғындар қолына кетпен-күрегін ұстап экологиялық шараға қатысты. Жаңа саябаққа шетен, қарағай секілді ағаштар екті. Жалпы, облыс бойынша бүгін жеті мың түп ағаш егу жоспарланған.

АРТУР ӘЗИЕВ, «ЖАСЫЛ ЕЛ» ЕҢБЕК ЖАСТАРЫ ШТАБЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

Әрі қарай баптау осы қаланың тазалығына жауап беретін мекемелер бар, ал біз енді ертең жазғы маусым басталғанда міндетті түрде осы жаққа облыс басшылығының тапсырмасымен әр айға бір он сарбазды беру қарастырылып отыр. Суаруға, күтуге.

Таза әрі жайлы орта қалыптастыру тек тазалық сақтаудан басталмайды. Бұл әр адамның туған жеріне деген жауапкершілігінен көрінеді. Қоршаған ортаны қорғау, айналаны таза ұстау – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақ алдындағы ортақ міндет. Жалпы, елімізде «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы 2 мыңнан астам экологиялық іс-шаралар өткізіліпті. Оның аясында 4 млн тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 10 мыңнан астам қалдық төгетін полигондар жойылды.

← Барлық жаңалықтар