Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 4 қаралым

Президент: «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ»

«Әділетті, Қауіпсіз, Озық және Таза Қазақстанды құру» – баршамыздың қастерлі парызымыз! Осылай деген Мемлекет басшысы бұл жолда бір адамдай белсенді жұмыс істеуіміз керек деді. Өйткені қасиетті Отанымызды дамытудың бұдан басқа жолы жоқ. Бәріміз адал, шыншыл әрі жауапты болуымыз қажет. Осы ретте Президент әрбір айтылған сөзге абай болуға шақырды. Себебі кейбір жайттардың салдары біз ойлағаннан да қауіпті болуы мүмкін.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кейбір уақытта байқалмай айтылған сөздердің зияны басқа әрекеттерге қарағанда әлдеқайда қауіпті болады. Соны ешқашан ұмытпаңыздар. Әрқашанда еліміз туралы ойлап, Қазақстанға қамқоршы болыңыздар. Басқа Отанымыз жоқ. Еліміз аман болса, сіздер де, отбасыларыңыз да бақытты болады, төрт құбыламыз түгел болмақ. Қазақстанның күшті, мықты ел болғаны ең алдымен өзімізге қажет.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде еліміз тарихи, тағдыршешті дәуірге қадам басқанын айтып өтті. Қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жасалды. Мемлекетіміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңарып, жаңғыруда. Экономикамыз қарқынды дамып, мыңдаған шақырым жолдар салынып, құрылыс сапасы да артып келеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанның әр аймағында әлеуметтік маңызы зор нысандар – мектептер, емханалар, мәдениет және спорт мекемелері бой көтеріп жатыр. Ұлан-ғайыр жерімізде ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынуда. Бұл жұмыс тоқтамайды, Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек. Құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет. Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын.

← Барлық жаңалықтар