Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 7 қаралым

Әлем жаңалықтары

Әлем құрдымға кетудің сәл-ақ алдында тұр. БҰҰ Бас ассамблеясының отырысында ғалымдар қорқынышты деректерді жайып салды. Адамзат баласы 9 тармақтан тұратын «ғаламшар шекарасының» жетеуін өрескел бұзған екен. Баланс ауытқыса, Жердегі қалыпты тіршілікке де нұқсан келуі мүмкін. Қауіпті аймақта климаттың өзгеруі, жерді пайдалану, тұщы су, мұхиттың ластануы сынды өзекті мәселелер бар.

ТРАМП ЖИ-ДІҢ АТАУЫН АУЫСТЫРДЫ. АҚШ

Трамп тыным табатын емес. Биылдың өзінде Мексика шығанағы мен Канада екеуіне ортақ Онтарио көлдерінің атын ауыстырып тастаған саясаткер бұл жолы тағы күтпеген мәлімдеме жасады. БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйлеген АҚШ көсемі жасанды интеллектің атауын өзгертетінін мәлімдеді. Дональд Трамп америкалықтар бұдан былай нейрожүйені «суперинтеллект» деп атайтынын жеткізді. Осылайша, әлемдік держава «жасанды» деген сөзден құтылуды көздеп отыр. Ал жаңа технологияның аты затына сай емес екен. Сондай-ақ, Америка билігі суперинтеллект көмегімен дайындалатын пайдалы жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

МЕКТЕПТЕГІ АТЫС. ТҮРКИЯ

Қоңыраудың орнына оқтың дауысы естілді. Түркиядағы білім ошақтарының бірінде тағы да атыс болды. Төтенше оқиға Анадолының Маниса провинциясына қарасты Тұрғытлы қаласында тіркелді. Қолына қару алған күдікті алаңсыз мектепке бара жатқан балаларға оқ жаудырған. Қаскөй 11 жеткіншекті жарақаттаған. Тағы екі баланың жағдайын мамандар ауыр деп бағалап отыр. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары қылмыскерді көп ұзамай қолға түсіріпті. Құзырлы органның дерегінше, ол да мектеп жасындағы бала көрінеді. Бауырлас елдің күштік құрылымын аяғынан тік тұрғызған шулы іске қатысты жан-жақты тергеу басталды. Билік атыстың мән-жайын жарияламай отыр.

РОБОТТАР ӘСКЕР ҚАТАРЫНА АЛЫНАДЫ. ЖАПОНИЯ

Роботтар жаңа деңгейге шықты. Енді Жапонияның шебін құлтемірлер қорғайды. Күншығыс елі әскер қатарына жасанды интеллектпен жасақталған адам тәрізді гуманоидтарды шақырайын деп отыр. Үкіметтің дерегінше, роботтар соғыс пен арнайы операцияларға қатыспайды екен. Олар қару-жарақ қоймалары мен әскери техникаларды күзететін көрінеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта барлау және цунами апаттарынан құтқару жұмыстарына да тартылуы ықтимал. Жуырда жаңа технологияны керегіне жарату бойынша ауқымды зерттеулер басталады. Ел бойынша ірі конкурс жарияланып, жеке компаниялар мен талантты азаматтар жобаларын ұсына алады.

ДАУЫЛ КЕЛЕ ЖАТЫР. МЕКСИКА

Дүлей дауыл Азияны қойып, Солтүстік Америка мен Кариб бассейніне қарай бағыт алды. Мексикаға «Поло» деп аталатын жойқын циклон келе жатыр. Ацтектер елінде соңғы тәулікте қауіптіліктің бесінші деңгейі жарияланып, апаттың алдын алу жұмыстары қолға алынды. Ал дауылдың өтінде қалған аймақтарда сағатына 285 шақырымға жететін жел тұрады екен. Десе де, мемлекеттің орталық бөлігіне төніп тұрған қауіп жоқ. Қазір биліктің басты назары Мексиканың Тынық мұхитындағы қалаларға аударылған. Өйткені шығыс аймақтарда биіктігі бірнеше метрлік толқын көтерілуі мүмкін. Ал жауын-шашыннан өзендер арнасынан асып, тасқын болуы ықтимал.

← Барлық жаңалықтар