Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 15 қаралым

Қазақстан 6 миллиард доллар қарыз алмақ

Қазақстан халықаралық қаржы ұйымынан қомақты көлемде қарыз алмақ. Несиенің өтеу мерзімі де ұзақ. Бақандай 35 жыл. Бүгін Құрылтай депутаттары бекіткен заң жобасы бізге не береді? Ақша қайда және қалай жұмсалады? Борышты кім қайтарады?

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

6 миллиард доллар. Қазақстан Халықаралық банктен осынша көлемде қарыз алмақ. Қаражат жеңілдетілген шарттармен ұзақ мерзімге беріледі. Бүгін Құрылтай депутаттары тиісті заң жобасын қарастырып, мақұлдады. Келісімнің негізгі мақсаты – инфрақұрылымдық жобаларға қосымша капитал тарту. Яғни қаржы көлік байланысы, жасыл энергетика, денсаулық сақтау сынды салаларға бағытталмақ.

ГҮЛНАЗ АТАМҚҰЛОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Қаражатты Үкіметтік қарыз ретінде де, мемлекеттік кепілдік арқылы да тарту мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар жеке сектордың жобалары бар. Мұндай жағдайда жобаға қатысушы тараптың жауапкершілігі жеке айқындалады. Қаржыландырудың нақты шарттары әр жобаға байланысты белгіленеді.

Қаражатты тартудың мұндай тәсілі тек мемлекетке ғана емес, жеке компанияларға да қолжетімді болуы мүмкін. Мұндай жағдайда кәсіпорын халықаралық банктен қаржы алып, қарызын өзі өтейді. Мәселен, жеке компания теміржол бекетін салса, несиені сол жобадан түсетін табыс есебінен қайтарады.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Қазақстандық кәсіпорындар тауар мен қызмет жеткізе алады. Олар мердігер немесе қосалқы мердігер ретінде жұмыс істей алады. Қазір шағын бизнес субъектілерінің мұндай жобаларға қатысуына кедергі жоқ. Қатысу көлеміне байланысты да арнайы шектеу қойылып отырған жоқ.

Жобаны қаржыландыру үшін банк талаптары қатаң сақталуы керек. Атап айтқанда, қажетті құжаттар дайындалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар орындалуы тиіс. Бұдан бөлек, жобаның жергілікті халыққа және қоршаған ортаға кері әсерін тигізбеуі де ескеріледі. Несие 35 жылға дейін берілуі мүмкін. Оның жылдық мөлшерлемесі шамамен 1-1,5 пайыз болмақ.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Олардың беріп жатқан несиелерінің пайызы өте төмен. Біз акционер екенімізді ескере отырып, біраз бағыттарды қамтыдық. Бұл келісім бізге өте тиімді. Ратификациядан кейін мемлекеттік кепілдік арқылы банкпен тікелей жұмыс істеуге жағдай жасалады.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Айта кету керек, Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында энергетика, экономика бағыттарында жалпы құны 1,8 миллиард доллар болатын 7 жоба іске асырылған. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік беріп отыр.

← Барлық жаңалықтар