Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 20 қаралым

Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясы өтіп жатыр

Қазақстан Халық кеңесінің екі күнге созылған алғашқы сессиясы аяқталды. Жаңа институттың төрағасы сайланып, қоғамның ұсынысын мемлекеттік шешімге айналдыру тетіктері айқындалды. Бүгін Мемлекет басшысы Кеңестің алдында тұрған нақты міндеттерге тоқталды.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясы жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа конституциялық институттың алдағы жұмыс бағытын айқындап берді.

Президенттің айтуынша, Халық кеңесі елдегі өзекті мәселелерді ашық талқылап, қоғамның ұсыныс-пікірін нақты шешімдерге айналдыратын жалпыұлттық диалог алаңы болуға тиіс. Кеңес құрамында алғаш рет түрлі қоғамдық топтардың өкілдері бір құрылымға бірікті. Мемлекет басшысы мұны «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидатының нақты көрінісі деп бағалады.

Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының болашағына қатысты да нақты жауап берілді. Ассамблея өз жұмысын аяқтағанымен, оның жылдар бойы қалыптастырған тәжірибесі мен инфрақұрылымы сақталады. Этномәдени орталықтарға, ұлттық театрлар мен бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік қолдау жалғаса береді. Ал еліміздің этносаралық келісім үлгісі Халық кеңесінің жұмысында пайдаланылмақ.

Осылайша, бүгінгі сессияда Халық кеңесінің басты бағдары айқындалып жатыр. Ол – түрлі көзқарастағы азаматтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру, ел бірлігін нығайту және қоғамдық бастамаларды нақты шешімдерге жеткізу. Сессия әлі жалғасуда. Жаңа ақпарат шыққан сайын қосымша хабарлаймыз.

← Барлық жаңалықтар