Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 11 қаралым

Халық кеңесі жұмысын бастады

Жаңадан құрылған Халық кеңесі қызметіне кірісті. Күні кеше төрағасын анықтап алған жаңа саяси институт алғашқы сессиясын да өткізіп, абыр-сабыр болып жатыр. Енді ол немен айналысады? Жуырда жасақталған Құрылтаймен жағаласып қалмай ма? Бағыты қандай болмақ?

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Бүгін ел тарихында жаңа саяси институттың жұмысы басталды. Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясына еліміздің әр өңірінен келген мүшелер жиналды. Олар бір-бірімен танысып, пікір алмасып жатыр. Залда жаңа құрамның алғашқы басқосуына тән ерекше толқу сезіледі.

Соңғы бір жылда елдің саяси жүйесі түбегейлі жаңарды. Жаңа Конституция қабылданып, бір палаталы Құрылтай жасақталды. Енді қоғамдық диалогтың конституциялық тетігі – Қазақстан Халық кеңесі іске кірісті. Мемлекет басшысы бұл сәтті ауқымды реформалардың заңды жалғасы деп бағалады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мына нәрсені бірден түсініп алған жөн. Халық кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ. Бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек.

Жаңа институт тақыр жерден құрылған жоқ. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай қалыптастырған қоғамдық диалог дәстүрін жалғастырады. Ассамблея өз жұмысын аяқтағанымен, оның аясында құрылған Достық үйлері, этномәдени орталықтар, ұлттық театрлар мен бұқаралық ақпарат құралдары сақталады. Енді осы мүмкіндіктер Халық кеңесінің жұмысымен сабақтасып, жаңа саяси және ұйымдастырушылық деңгейге көтерілуге тиіс.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық кеңесінің жұмысында қолданылады.

Кеңес мүшелеріне артылған жүк жеңіл емес. Олар халықпен тікелей байланыс орнатып, өңірлердегі өзекті мәселелерді ортақ мінберге шығаруы керек. Бұл қызмет қоғамдық негізде, яғни ақысыз атқарылады. Сондықтан Кеңеске мүше болу – лауазым емес, ел алдындағы жауапкершілік.

ОЛЬГА СПИРИНА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Қырық екі адам этномәдени бірлестіктерден Қазақстан Халық кеңесіне мүше болып кірді. Және де бізде арнайы осы этносаралық қатынастарды реттейтін, этномәдениетті қалыптастыратын комитет болады. Және де енді сол этномәдени бірлестіктерден мүше болып кірген адамдардың барлығы дәл осы комитетте еңбек етсе деп ойлаймын. Ол – жаңағы Ассамблеяның инфрақұрылымы. Жаңадан еш нәрсе құрмайды, жаңадан еш нәрсе ашпайды. Сол осы жылда Ассамблеяның құрған инфрақұрылымымен арқырай өздерінің жұмыстарын жалғастыра береді.

Сонымен, екі күнде жаңа институттың құрылымы жасақталып, бағыт-бағдары айқындалды. Ендігі мақсат – халықтың сөзін билікке жеткізу ғана емес, елдің көкейіндегі мәселенің тамырын басып, шешімін табу. Кеңестің беделі де қоғамның сенімін нақты нәтижемен ақтай алуына байланысты болмақ.

← Барлық жаңалықтар