Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 5 қаралым

Халық кеңесі: жаңа дәуірдің жаңа институты

Осы аптада Астанада Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа институттың еліміздің саяси жүйесіндегі орны ерекше екенін айтып, консультативтік кеңестің нақты жоспарын айқындап берді. Саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған жұмыстардың ішінде қоғамдық диалогты дамытып, азаматтардың ұсынысын сараптап, нақты шешімдер ұсыну міндеті бар.

Қазақстанда жаңа саяси институт өз жұмысын бастады. Екі күнге созылған Қазақстан Халық кеңесінің сессиясында басқару құрамы бекітіліп, алдағы жұмыс бағыты айқындалды. Мемлекет басшысы Кеңес төрағалығына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын. Бұл азаматты бәріңіз жақсы білесіздер, жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға.

Жасырын дауыс беруге қатысқандардың дені оны қолдады. Осылайша, жаңа институттың тізгіні мемлекеттік қызмет пен заң шығару ісінде тәжірибесі бар саясаткерге тапсырылды.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ел шежіресіндегі алғашқы Халық кеңесінің жауапкершілігі ерекше, жүктелетін міндет те бөлек. Сондықтан бәріміздің алдымызда тарихи ауқымдағы міндет тұр: бұл институтты нақты мазмұнмен толықтыруымыз керек.

Кеңестің жоғарғы органы – Сессия. Ал сессияаралық жұмысты Төралқа үйлестіреді. Комитеттер, комиссиялар мен жұмыс топтары өңірлерден түскен мәселелерді сараптап, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныс әзірлейді. Ал Құрылтай мен Халық кеңесінің құзыреті заңмен нақты белгіленген.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Халық кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Халық кеңесінің ұсынысы енді тек пікір күйінде қалмайды. Жаңа орган Құрылтайға заң жобаларын енгізіп, жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтере алады. Демек, қоғамда айтылған мәселені нақты саяси әрі құқықтық шешімге айналдыруға мүмкіндік бар.

Кеңес құрамы да қоғамның сан алуан үнін қамту қағидасымен жасақталған. Олардың қатарына этномәдени бірлестіктерден – 42, қоғамдық ұйымдардан – 42, мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден 42 өкіл енді. Яғни 126 мүше ел ішіндегі мәселені ортақ алаңда талқылап, нақты ұсынысқа айналдыруы тиіс.

НАТАЛЬЯ ДЕМЕНТЬЕВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Ең бірінші, Қазақстан Халық кеңесі тарихи маңызға ие. Айта кетуіміз керек, бұл – Президенттің тікелей тапсырмасымен алғаш рет құрылып, конституциялық мәртебеге ие болған орган. Сондықтан Кеңес құрамына кірген мүшелердің барлығы – өз ісінің шебері, тәжірибелі мамандар. Біз жұмыс істеуге дайынбыз.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Сонымен, екі күнде жаңа институттың құрылымы жасақталып, бағыт-бағдары айқындалды. Ендігі мақсат – халықтың сөзін билікке жеткізу ғана емес, елдің көкейіндегі мәселенің тамырын басып, шешімін табу. Кеңестің беделі де қоғамның сенімін нақты нәтижемен ақтай алуына байланысты болмақ.

← Барлық жаңалықтар