Қарт Каспийдің құшағындағы қаралы жайт қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. Бір сәтте 14 оғланынан айырылған елімізде кеше қаралы күн жарияланып, мемлекеттік Туымыз төмен түсірілді. Оқу-жаттығу кезінде опат болған сарбаздардың соңғы демі теңіздің тереңінде үзілгенін естіген жақындары бастапқыда бұл ақпаратқа сенбей, соңына дейін үміттерін үзбегені рас. Елдің тыныштығын күзеткен жап-жас өрендердің өлімін естіген жұрттың аза бойы қаза болды. Орны толмас трагедиядан көзіне жас, жүрегіне мұң толған тек өзіміздің отандастарымыз ғана емес, алыс-жақын шетелден де шерге толы жұбаныш сөздері ағылуда. Салмағы зілбатпан сауалдар көп. Қайғыдан қан жұтып, зар жылаған отбасыларға жан-жақтан көмек беріліп жатыр. Бірақ мұның бәрі қапияда қаза тапқан бауырларымызды қайтара алмасы анық.
Теңіздегі тыныштықты кірпік қақпай торығандардың бұл соңғы оқу-жаттығуының бірі болатын. Әдеттегідей жүктелген миссияны атқарамын деп, ашық айдынға түскені сол-ақ еді. Бір топ жас сарбаз буырқанған асау толқынмен арпалысып, келместің кемесіне мінді. Ресми мәлімет бойынша, жауынгерлік міндеттерді орындау барысында кенет дауыл долданып, әскери десанттың жағаға жетуіне мұрша бермеген. Қаралы тізімде қатардағы жауынгер Сержан Аяпберген де бар.
Сарбаздың таспада қалған бейнесі дүйім жұрттың жүрегін сыздатты. Әскерде жүріп, анасына деген перзенттік ықыласын әнмен жеткізген екен. Сержан белдескеннің белін, тірескеннің тізесін бүктіретін спортшы болыпты. Қаршадайынан бозкілемде күресіп, самбо мен дзюдодан республикалық, халықаралық додаларда жоғары нәтижелер көрсеткен екен.
Қапыда қаза тапқандардың арасында жалғыз офицер Олжас Мұхтарұлы да бар еді. Сол сәтте сарбаздардың жанынан табылып, ақтық демі қалғанша сертіне адал болды. Түркістан облысының тумасы күні кеше туған топырағында жер қойнына тапсырылды.
Әскерге аттанған ұлының жолын тосқан ата-анасы, бауырын сағынған жақындарының мауқын басып, қауышуына санаулы күндер қалған. Әттең, сол бір сағыныш сағымға айналып, 14 отбасы қара жамылды. Қаза тапқандар арасында аға лейтенант пен сержант болған. Қалғандары қасиетті борышын өтеп жүрген қатардағы сарбаздар еді.
Өкпек желдің өтінде кемемен ашық айдынға аттанған жігіттердің тек үшеуі ғана аман қалды. Екі сарбаздың денсаулығында еш кінәрат жоқ дейді дәрігерлер. Ал өң мен түстің арасындай есірік халде аурухана төсегіне таңылған Ақжол Темірәлиевтің көрер жарығы бар екен.
БЕКБОЛАТ ІЗБАСАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болған қайғылы жағдайға байланысты сарбаздардың бірі облыстық ауруханаға жеткізілген болатын. Түскен кезде барлық тексерістен өтіп, қазіргі кезде жағдайы тұрақты. Терапия бөлімшесінде ем қабылдауда. Сарбаздың жағдайы тұрақты. Медицина қызметкерлерінің бақылауында.
Теңіздегі жанталастан жаны аман қалған Ақжолынан ата-анасы бір елі ажырамақ емес. Ауыр жағдайдан есін жия бастаған жауынгер бірге жүрген қатарластарының енді жоқ екеніне сене алмайтындай.
ТИМУР ТЕМІРӘЛИЕВ, ӘКЕСІ:
Бүгін жаңа таңертең палатаға ауыстырды. Аман-сау жаңа кіріп шықтым. Қасында болдым, отырдым, әңгімелестім. Көрейін деп тұрған жарығы бар шығар. Өте қатты қайғылы жағдай. Мұның бәрін сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Баламның қасында бір жылдан бері бірге болған, қасындағы дос, бауыр болып кеткен сарбаздар ғой.
Қаза тапқандардың отбасы мен жақын-жуықтарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, арнайы құрылған Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмек көрсетуді қадап тапсырды. Осы бір қиын сәтте Франция, Түркия, Ресей, Беларусь президенттері мен Орталық Азия елдерінің басшылары да қазақ еліндегі қайғыға ортақтасты.
Қас пен көздің арасында болған қайғылы жағдай мұқым елдің жүрегін мұздай қарыды. Тапа-тал түсте суға кеткен сарбаздарды іздеу-құтқару операциясына 300-ге жуық әскери қызметші, 40 шақты сүңгуір, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Сын сағатта көмек қолын созғандар арасында Әзербайжан диаспорасының өкілдері де бар.
Көп ұзамай Маңғыстауда суға кеткен екі сарбаздың денесі табылды. Тәулік бойы тыным таппаған сүңгуірлер таңғы сағат тоғыздар шамасында марқұмдардың мүрделерін су бетіне алып шыққан. Олардың із-түзсіз жоғалған сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлы екені анықталды.
ЕРБОЛ ІЗБЕРГЕНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Осылайша, оқиға болған жердегі іздестіру жұмыстары толық аяқталды. Қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ қаруластарына қайғыра көңіл айтамын. Қылмыстық іс қозғалды. Арнайы топ оқиғаның барлық мән-жайын және себеп-салдарлық байланыстарын анықтауда. Тергеу барысында болған оқиғаға байланысты барлық сұрақтарға толық жауап беріледі.
Бұл Маңғыстау өлкесінде болған алғашқы жағдай емес. 2015 жылы Каспийдегі жаттығу кезінде БТР-мен теңізге түскен төрт отан қорғаушымыз опат болды. Онда да қатты желдің салдарынан толқын тулап, темір құрсаулы көлік суға батып кеткен еді. Осы жолы да аймақта табиғаттың тосын мінез танытуы алдын ала болжанған екен.
АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
24 қыркүйекте жасалған болжамда облыстың батысында, оңтүстігінде және орталығында оңтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 метр секундқа дейін күшейетіні болжанған. Метеостанциялардың бақылау деректеріне сәйкес, іс жүзінде шығыс бағытта жел соғып, оның жылдамдығы 15-16 м/с дейін жетті. Қазгидромет 24 қыркүйекке арналған дауылды ескерту шығарған болатын. Маңғыстау облысының солтүстігінде, орталығында шаңды дауыл күтілді.
Сонда қайғылы оқиғаға кінәлі кім? Жағдайдың жай-жапсарын жедел анықтау Үкіметтік комиссияға жүктелді. Оның құрамында Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, Шекара қызметінің өкілдері бар. Ботадай боздаған жандарға басу айтқан Қанат Бозымбаев қаржылай қолдау еш кедергісіз, уақытында берілетінін жеткізді. Қара жамылған отбасы мүшелеріне қиын кезеңде демеу болуға асыққандардың қатары қалың. Партиялар, депутаттар, кәсіпкер азаматтар жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам қаражат жинады.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізілетін болады. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап беретін болады. Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан сарбаздардың отбасына қомақты көмек көрсетіліп, барлық қажетті қолдау көрсетілетін болады.
Бастапқыда жауаптылар желдің қатты болғанын желеу етіп, жаланы жансызға жабуға тырысқан еді. Алайда арада күн өтпей Бас прокуратура адамдардың қауіпсіздігіне атүсті қарағандарды анықтады. Кешеден бері 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алып, құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленген. 12 сараптама тағайындалыпты.
ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ:
Қызметке салғырт қарады деп күдік келтірілген, сондай-ақ метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдардың қаза болуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды. Тергеу барлық күдіктілердің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты процестік шаралар қабылдайды.
Елді есеңгіреткен жағдайға байланысты ел ішінде Қорғаныс министрлігіне көп сын айтылып жатыр. Осыған қатысты ведомство басшысы Дәурен Қосанов үн қатты. Кінәлі тұлғалар жауапкершіліктен жалтармайтынын жеткізген ол марқұмдардың отбасынан тізе бүгіп кешірім сұрады.
ДӘУРЕН ҚОСАНОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:
Кешіріңіздер. Сақтап қала алмадық балаларыңызды. Азаматтардың иманы саламат болсын. Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Соны біліңіздер.
Марқұмдардың жақындарымен кездесу барысында Мемлекет басшысының жұбату телеграммасы оқылып, табысталды. Осылайша, 25 қыркүйек қаралы күн тарих парағына қатталды. Бейбіт күнде Отан қорғаймын деп аттанып, сүйегі қайтқан сарбаздардың өлімі салғырттыққа кешірім жоқ екенін ұқтырса игі. Оған баға беретін біз емес. Уақыт пен жүргізіліп жатқан тергеу төреші.