Әлемдік теннистің төрінен ойып тұрып орын алған Елена Рыбакинаның еңбегі еленді. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһанның бірінші ракеткасын қабылдап, III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Мемлекеттік награда спорттағы айрықша жетістіктері және Қазақстанда теннисті дамыту мен кеңінен насихаттауға қосқан зор үлесі үшін берілді. Елена Рыбакина жуырда АҚШ ашық чемпионатында топ жарып, әлемдік рейтингте көш бастады. Бұл – оның «Үлкен дулыға» додаларындағы үшінші жеңісі. Президент мұндай толағай табыстың ел спорты үшін тарихи мәні бар екенін атап өтті. Әсіресе Рыбакинаның әр жеңісінен кейін тенниске бет бұрып, чемпион болуға талпынған балалар қатары көбейгеніне назар аударды. Мемлекет басшысы спортшының корттағы шеберлігімен қатар, қарапайым болмысы мен жоғары мәдениетін де ерекше бағалады. Ал Елена Рыбакина Қазақстанның намысын халықаралық аренада қорғауды мақтан тұтатынын айтып, жеңісті жолын жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
ЕЛЕНА РЫБАКИНА, ӘЛЕМНІҢ БІРІНШІ РАКЕТКАСЫ:
US Open турниріндегі жеңісіме және әлемдік рейтингте осындай биік мақсатқа жеткеніме шексіз қуаныштымын әрі мақтанамын. Мұндай марапатқа ие болу – мен үшін үлкен мәртебе. Бүкіл Қазақстанға, ата-анама, командама алғысым шексіз. Жас ұрпақты алдағы уақытта да жігерлендіріп, шабыттандыра аламын деп үміттенемін. Әрі қарай қай бағытта дами алатынымызды көре жатармыз. Алдымызда мақсат көп.