Мазмұнға өту
· 16 қаралым

Мысық ұрыларды қуып шықты

Мысықтар адамдарды күйзелістен құтқарып, шаршауды басатын жануар ғана емес. Ол үйді де күзете алады екен. Түркияда ерекше оқиға болды. 8 жастағы мысық пәтерді тонамақ болғандардың жолын кесті. Ол үйдің есігін бұзып кірмек болған ұрыларға айбат шегіп, бұзақыларды қуып шыққан. Үй иесі мысығының ерлігін кездейсоқ бейнебақылау камерасындағы жазбаларды ақтарып отырып, біліп қалыпты.

ӨЛІМ ЖАЗАСЫ ҚАЙТАРЫЛУЫ МҮМКІН

Көршілес Өзбекстан ТМД елдерінің ішінде алғаш болып өлім жазасын қолданысқа қайтаруы мүмкін. Мұндай бастаманы Президент әкімшілігінің жетекшісі Саида Мирзиёева көтерді. Ала шапанды ағайындар басшысы Шавкат Мирзиёевтің үлкен қызының сөзінше, балаларға қарсы қылмысқа барған адамдарға жазаны қатаңдату қажет. Себебі көрші елде қазір қоғам дүрлігіп тұр. Қыркүйектің басында Өзбекстанның Наманган облысында 5 жастағы қыз зорлық-зомбылыққа ұшырады. Жау алыстан келмепті. Азғындыққа барған балабақша қызметкері екен. Енді осы оқиғадан соң Өзбекстанның құзырлы органдары аяқтарынан тік тұрып, барлық мектепке дейінгі мекемелерде тексеріс бастады.

АҚШТА ӘЙЕЛ ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛДІ

Ал АҚШ-тың Теннеси штатында соңғы 2 ғасырда алғаш рет келіншек өлім жазасына кесілді. Ол 30 жыл бұрын сыныптасын өлтіргені үшін түрмеге қамалған екен. Қылмыскердің рақымшылық туралы өтінішін штат губернаторы қанағаттандырудан бас тартыпты. Десе де, Кристи Пайктың адвокаты елдің Жоғарғы сотына үкімді уақытша тоқтату туралы арыз жазған. Алайда фемида өкілдері шешімді өзгеріссіз қалдырса, қылмыскер 30 қыркүйекте электрлі орындыққа отырғызылуы мүмкін. Айта кету керек, Кристи заң бұзып, құрбысының өмірін қиған сәтте кәмелетке енді ғана толған. Қазір Америкадағы ең танымал қылмыскердің жасы 50-де.

ЖОҒАЛҒАНДАР ӘЛІ ІЗДЕСТІРІЛІП ЖАТЫР

Индонезияда екі жұма бұрын теңіз түбіне кеткен паромның жолаушыларын іздестіру жұмыстары әлі жалғасуда. Мамандар 16 күннен бері Ява теңізінің акваториясын әр шаршы метріне дейін қарап жатыр. Тіпті құтқарушылар су түбінің көз жететін жеріне дейін тінтіп жүр. Әзірге опат болған 66 адамның мәйіті табылды. Әлі 69 жолаушыдан қандай да бір дерек жоқ. Олардың туған-туыстары құтқарушылардың жолына қарап отыр. Айта кету керек, бортында 243 жолаушы мен 30 экипаж мүшесі отырған паром екі апта бұрын Калимантан аралының маңында толқынға тап болып, батып кеткен еді. Десе де, жергілікті билік іздестіру операциясын барлық адамның денесі табылғанша жалғастырамыз деп отыр.

Еуропадағы экономикасы ең тұрақты елдердің бірі – Испанияда дағдарыс. Корольдік тұрғындары баспана проблемасына тап болды. Елде бірнеше аптаның ішінде үйді жалдау ақысы аспандап, мыңдаған тұрғын далада қалды. Пәтерден күшпен шығарылғандардың арасында 87 жастағы Мария дель Кармен де бар. Зейнеткер соңғы баспанада табаны күректей 70 жыл өмір сүріпті. Аренданың ақысын да уақытында төлеп тұрған екен. Кейуананың дәрменсіз халін көрген испаниялықтар оны қолдап, Мадрид көшелерінде жаппай ереуілге шықты. Мысалы, бір ғана ел астанасында баспана жалдау ақысы 500-ден 2600 еуроға дейін шарықтаған. Испания банкінің дерегінше, корольдікте баспана жетіспеушілігі қатты сезіліп тұр. Үкімет халыққа 700 мың пәтер салып беруі тиіс. Сондай-ақ Пиреней түбегінде соңғы уақытта азық-түлік бағасы да көтеріліп, халықтың айлығы шай-пұлдан артылмай жатыр екен.

← Барлық жаңалықтар