Мазмұнға өту
· 88 қаралым

Алматы курорттары бір тау кластеріне біріктірілмек

Алматы тау туризмін дамытуда жаңа кезеңге қадам басты.

Бұл жолы бір-бірінен алшақ орналасқан курорттар бірыңғай тау туристік кластеріне біріктірілмек. Яғни Шымбұлақ, Кимасар, Бутаковка, Пионер және Ой-Қарағай секілді демалыс орындары ортақ инфрақұрылымдық әрі туристік жүйеге топтастырылады. Бұл өз кезегінде жаңа аспалы жолдар мен тау трассаларын салуға, көлік инфрақұрылымын дамытуға жол ашпақ. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жоба аталған тау бөктерлерінің тек қыс мезгілінде емес, жыл он екі ай бойы туристерді қабылдауына мүмкіндік береді. Жаңа қонақ үйлер бой көтеріп, тамақтану орындары мен сауда нысандары көбейсе, қосымша жұмыс орындары ашылады. Нәтижесінде нұсқаушылардан бастап құтқарушыларға дейін шамамен 15 мың адам еңбекке араласуы мүмкін.

Мирас Төлебаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары:

Бұл тек шетелдік туристерді тарту емес. Сонымен қатар ішкі туризмді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнестің өсуіне және Алматыда туристердің болу мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Сондықтан Алматы тау кластерінің маңызы тау шаңғысы саласынан әлдеқайда кең. Бұл — Алматының халықаралық туристік кеңістіктегі таулы қала ретіндегі экономикалық және туристік рөлін арттыра алатын жоба.

← Барлық жаңалықтар