Мазмұнға өту
· 10 қаралым

Қазақстан мен Бельгия: сенімге негізделген серіктестік

Ақордаға патша келді. Билеп-төстеу үшін емес, достық пен ынтымақты арттыру үшін. Қазақстанға ресми сапарлап Бельгия королі Филипп табан тіреді. Жалғыз келмепті — еуропалық монарх Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуге өзінің қызыл телпек киген кербез келіншегі Матильда патшайымын да ала келіпті. Одан бөлек жанында жүздеген жақсысы мен жайсаңы және бар.

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Бельгия Королі Филипп үшін Қазақстан таңсық ел емес. Ол тақ мұрагері кезінде елімізге үш мәрте келген. Соның екеуінде Байқоңырдан ғарышқа аттанған бельгиялық ғарышкерлерге сәт сапар тілеген. Ал бүгін Ақордаға алғаш рет король мәртебесінде ат басын бұрып отыр. Бұл — Бельгияның биліктегі монархының Қазақстанға ғана емес, тұтас Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары.

Мемлекет басшысы мәртебелі меймандарды қарсы алу үшін жұмыс кестесіне өзгеріс енгізді. Король Филипп Президенттің осы ықыласын жоғары бағалап, алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністікті сөз етті. Қазақстан Бельгияны Еуропадағы сенімді серіктесі санайды. Келер жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бельгия — Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің бірі. Сонымен қатар еліңіз Қазақстан экономикасына қаржы құйған ең ірі он инвестордың қатарында. Мұны Қазақстан экономикасының келешегіне деген сенімнің айқын көрінісі деп бағалаймын.

Тараптар көлік-логистика, аса маңызды минералдар, жаңартылатын қуат көздері, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды. Король Филипп сапарға университет ректорлары мен компания өкілдерінен құралған үлкен делегациямен келгенін айтты.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

12 келісімшартқа қол қойылатын болады. Оның ішінде екі жақта қос дипломды магистратура, докторантура туралы бағдарламалар, «Болашақ» бағдарламасының аясында берілген жетекші университеттеріне біздің ғылыми тағылымдамалар, докторантураға тарту жіберу, көбінесе осы білім, қолданбалы ғылым және жоғары білім саласында…

ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:

Король Филипппен бірге келген Патшайым Матильда да ерекше назар аудартты. Оның бойынан салтанаттан бұрын ұстамдылық, сәннен бұрын талғам байқалады. Алайда Матильданың қызметі корольдік рәсімдермен ғана шектелмейді. Мамандығы бойынша логопед, психология саласында білім алған. Балалардың денсаулығы, білім алуы мен әл-ауқатына айрықша көңіл бөледі. Сондықтан оның Қазақстандағы сапарының да әлеуметтік-гуманитарлық мәні бар.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Аса мәртебелі Патшайым Матильда, Сіз бұл сапардың мән-мазмұнын арттырып, шырайын келтірдіңіз. Балаларды қорғау, білім беру және адамның қадір-қасиетін құрметтеу мәселелеріндегі ерекше жанашырлығыңыз бен қамқорлығыңызға тәнтіміз.

Сапар аясында Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысы мен ғалымдардың дөңгелек үстелі өтеді. Келіссөз соңында тараптар көтерілген бастамаларды нақты іске асыруға дайын екенін растады.

← Барлық жаңалықтар