Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Тағдырға табандылықпен жауап берген саңлақтар

Мұқалмас қажыр-қайрат, Отанға деген махаббат бұл азаматтарды өзгелерден ерекшелеп тұрады. Он екі мүшесі сау адамдарға бергісіз қасиетімен еліміздің абыройын асқақтатқан пара спортшыларымыз енді Жапония төріндегі жаһандық додада бақ сынамақ. Тағдырға табандылықпен жауап берген саңлақтарды көпшілік бүгін тақымын қысып, ақ жол тілеп шығарып салды.

Жігері жасымаған жандар осы жазда мерейімізді тасытқан еді. Пара волейболдан ұлттық құрама Ханчжоуда өткен әлем чемпионатында тұңғыш рет тұғырдан көрінді. Жартылай финалда Тегераннан келген тегеурінді қарсыластарына жол бергенімен, 3-орын үшін таласта бразилиялықтардан басым түскен. Ала допты алақанда тулатқан пара спортшыларымыз бүгінде үздіктер қатарында. Әлемдік рейтингте 78 команданың ішінде Египеттен кейін 2-орында тұр. Нәтижелері де жылдан-жылға жақсарып келеді.

БЕРІК ІЗМАҒАМБЕТОВ, ПАРА ВОЛЕЙБОЛДАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ОЙЫНШЫСЫ:

Біз осыған дейінгі рейтингіміз — Инчхонда 2014 жылы біздер 4-орын алсақ, Джакартада 3-орын алдық. 2023-те өткен Азия ойындарында күміс жүлдегер болдық. Енді осыда Алланың қалауымен алтын жүлде болады деп ойлаймыз.

Ал мына жандар арбаға таңылғанымен, арманы асқақ. Күншығыс еліндегі жарыста пара боччадан Қазақстанның намысын қорғайды. Бұл тек тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшыларға арналған, стратегиялық ойлауды, сабырлылықты және қимылдың дәлдігін талап ететін жарыс. Байрақты бәсекеге бізден 5 спортшы қатысады. Солардың бірі — Итиана Шингисханова.

ИТИАНА ШИНГИСХАНОВА, БОЧАДАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА МҮШЕСІ:

2023 жылы мен алғаш рет Азия Пара ойындарына қатыстым. Бұл менің екінші халықаралық жорығым еді. Өзгелермен салыстырғанда тәжірибем аз болғанымен, бұл мен үшін үлкен жетістік болды. Азия мектебінің мықтыларынан үлгі алып, мол тәжірибе алдым. Осының арқасында қазір еуропалықтармен бәсекелесе аламын.

Жапонияда өтетін V Азия Пара ойындарына 12 спорт түрінен 150 саңлағымыз ел сенімін арқалап, аттанып барады. Бүгін Астанада оларды шығарып салу салтанаты өтті. Министр Ербол Мырзабосынов спортшыларға сәттілік тілеп, көк байрақты табыстады. Мемлекеттік туды алып шығу құрметіне Париж-2024 Паралимпиадасының қола жүлдегері, пара жеңіл атлетикадан әлем чемпионы Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионы Мереке Аяла ие болды.

МЕРЕКЕ АЯЛА, ПАРА ДЗЮДОДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Бұл өте жоғары мәртебе. Бұйырса, осы көк туымызды Жапония елінде көкке көтеру керекпіз. Париждегі Паралимпиадада 2-орын алған қытай қызымен бірінші рет күресіп көрдім. Оны ұтып, Бразилия қызынан ұтылып қалдым. Маған сол қыз ғана қиын болатын. Азияның ішінде бірінші орын аламын деп ойлаймын.

Биыл пара спортшыларымыз 23 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 22 халықаралық турнирге қатысқан. Аталған жарыстардың нәтижесінде түрлі дәрежедегі 63 медальды қоржынға салыпты. Министр бұл жетістік спортшыларымыздың тынымсыз еңбегі мен жүйелі дайындығының жемісі дейді.

ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Осы 4 жылдықта біздің спортшыларымыз үлкен әлемдік додаларда жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Соңғы мынау пара волейболдан ұлттық құрамамыз әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Пара дзюдодан медальдарымыз бар, пара жүзуден. Енді осы нәтижелерге қарап, біз осы Азия ойындарында бірнеше спорт түрінен жоғары нәтижеге жетеміз деген сенімдеміз.

18-24 қазан аралығында Жапонияның Айчи мен Нагоя қаласында өтетін жарысқа сары құрлықтың 45 елінен 4000-ға жуық спортшы қатысады. Ойындар аясында спорттың 18 түрінен жарыстар өтіп, 502 медальдар жиынтығы сарапқа салынбақ. Айтпақшы, бүгінгі салтанатты рәсімде ұлттық құраманың маскоты таныстырылды. «Жеңіс» атты бойтұмар атына сай болып, саңлақтарымызды тұғырға сүйрейді деп сенеміз.

← Барлық жаңалықтар