Сауд Арабиясынан маза кетті. Корольдіктің маңызды инфрақұрылымдарын оңтүстіктегі хуситтер дамылсыз дрондармен атқылап жатыр. Йеменнен ұшқан зымырандар қазірдің өзінде бірнеше маңызды нысанға зақым келтірді. Осыған байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі Араб түбегінде жүрген жерлестерімізге үндеу жасады. Ведомство азаматтарға қауіпсіздік талаптарын барынша сақтауға кеңес береді. Тіпті әуежайлар мен терминалдарға да жақындамау қажеттігін ескертеді. Ал отандастарымыз алда-жалда қиындыққа тап болса, корольдік аумағындағы елшілігіміз бен бас консулдығымызға жүгіне алады.
ЖАНБОЛАТ ҮСЕНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аталған елде жүрген Қазақстан азаматтарына сақтық шараларын қатаң сақтап, жергілікті билік органдарының нұсқауларын орындауды, нақты қажеттілік болмаса әуежайларға бармауды, рейстердің мәртебесін әуе компанияларынан алдын ала нақтылауды, адамдар шоғырланған орындар мен қауіптілігі жоғары нысандардан аулақ болуды, шұғыл емес сапарларды мүмкіндігінше кейінге қалдыруды ұсынады. Төтенше жағдайға тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының Эр-Риядтағы елшілігіне және Джиддадағы бас консулдығына хабарласу қажет.
Соңғы дерек бойынша, хуситтердің Эр-Риядтағы әуежайға шабуылынан 12 адам опат болып, 309 азамат жарақат алды. Ал Саудия астанасындағы аласапыран үш тәуліктен бері жалғасып жатыр. Йемендегі хуситтер билігі халықаралық рейстерге түбекті айналып өтуге кеңес берді. Себебі олар Сауд Арабиясына соғыс ашпақшы.