Әлеуметтік желідегі алаяқтарды қалай анықтаймыз? Астанада 1,5 мың студенттің басы қосылған ауқымды форум өтті. Қаржылық мониторинг агенттігінің мамандары әккілерге сеніп, айтқанына көніп, арандап қалмаудың жолын айтты. Өйткені қазір виртуалды әлемді қолшоқпарына айналдырғандардың айласы көбейген. Блогерлердің, медиа тұлғаның, тіпті жақын туысыңыздың түрін пайдаланып сан соқтыруы мүмкін. Содан болар, іс-шараға тіс қаққан мамандармен қоса жұртқа таныс адамдар да қатысты. Форумның басты мақсаты — жастардың қаржылық деректерін цифрлық ортада қорғауға көмектесетін дағдыларын қалыптастыру, дейді ұйымдастырушылар. Өйткені бүгінгі сақтық шаралары тек технологияға байланбаған. Ол ең алдымен әр адамның жеке жауапкершілігіне қатысты.
НҰРҒАЛИ АЯЗОВ, ҚР ҚМА ПРЕВЕНЦИЯ ЖӘНЕ ТАЛДАМАЛЫҚ ӘЗІРЛЕМЕЛЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
Қазіргі таңда жасанды интеллект әлдеқайда дамып кетті. Сондықтан жақын адамыңның шынайы бейнесін жалған бейнеден ажырату өте қиын. Іс-шарамыздың мақсаты — жастардың алаяқтық схемаларына алданып қалмауын қамтамасыз ету. Оларға түрлі алаяқтық тәсілдердің қалай жүзеге асатынын, дропперлікке қатысты қандай жағдайлар кездесетінін және дипфейктердің қандай болатынын түсіндіру.