Елімізде кейінгі үш жыл ішінде балалардың құқығын қорғайтын 11 заң қабылданған. Бұл жөнінде Вице-Президент мәлімдеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қазақстан балалары» біртұтас тұжырымдамасын талқылау барысында Ерлан Қарин бүлдіршіндердің болашағы үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мысалы, «Ұлттық қор — балаларға» жобасы іске қосылғалы 7 миллионнан астам ұл-қызға 2,5 миллиард доллардан көп қаражат аударылған. Сондай-ақ Президент бастамаларын жүзеге асыру нәтижесінде кейінгі 7 жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салыныпты. Өңірлерде Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдіктері жұмыс істейді, бала құқықтары жөніндегі басқармалар құрылды, қалалар мен аудандарда 160 отбасын қолдау орталығы ашылған.
ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Балалардың толыққанды дамуына жан-жақты жағдай жасау — Мемлекет басшысы ұстанып отырған бағдардың негізгі бағытының бірі. Президент бастамасымен балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру сапасын арттыру, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қолдау көрсету, өскелең ұрпақты конституциялық құндылықтар рухында тәрбиелеу бағытында тұтас шаралар кешені жүзеге асырылуда.