Ақпарат үшін арпалыс, эксклюзив пен сенсация қуған медианың бәсекесі бұрынғыдан бетер қыза түсті. Дәстүрлі БАҚ пен онлайн порталдар жаңалық таратуда алдына жан салмайды қазір. Отандық контенттің қарыштағаны жақсы ғой. Бірақ ақпаратты таратпас бұрын оның шынайылығы мен жауапкершілігін таразылау маңыздырақ. Бұл әсіресе цифрлық дәуірде өте өзекті. Astana Media Week апталығында отандық және шетелдік сарапшылар журналистика мәселесі мен болашағы, жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану тетіктерін талқылап жатыр.
Секунд сайын жаңарып, толассыз тараған жаңалықтар легі дәстүрлі медианың өзін цифрлық кеңістікке бейімделуге үйретті. Өйткені қазір халықтың ақпарат алу дағдысы түбегейлі өзгерген. Апталықтың шымылдығын ашқан Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары қазақстандықтардың шамамен 45-50 пайызы жаңалықтарды телеарнаның әлеуметтік желілері мен порталдардан оқитынын жеткізді. Бұған соңғы жылдарда интернет пайдаланушылардың артуы себеп.
ҚАНАТ ЫСҚАҚОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Бәсекелестікті одан сайын арттырады. Өйткені кейбір телеграм арналар, басқа да онлайн арналар өздерінің жедел ақпарат жеткізуі ретінде дәстүрлі медиамен бәсекеге түсіп жатыр. Сондықтан бұл бәсеке одан сайын артады да күшейеді. Баяғыдан қалыптасқан ұғым бар. Тек сайт арқылы ақпарат оқимын деген қазір жоқ. Ол көбінесе цифрлық платформалар арқылы ақпаратты таратады және әрі қарай жеткізеді.
Медиаапталықтың басты бағытының бірі — журналистикада жасанды интеллектіні қолдану. Қазір редакциялар ақпаратты өңдеу, аудио және видеомен жұмыс істеу, сондай-ақ контентті аударып, тарату үшін озық құралдарға қол жеткізіп отыр. Дей тұрғанмен, бірінші кезекте оны дұрыс игеру керек, — дейді сарапшылар.
НАДИРА ТЮДОР, EURONEWS-ТІҢ ӘЗІРБАЙЖАНДАҒЫ БЮРО БАСШЫСЫ ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ЖЕТЕКШІСІ:
Оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды, бірақ мұның бәрі аудитория сеніміне, ақпараттың дәлдігіне, деректерді тексеруге және оқиғаларды шынайы баяндауға нұқсан келтірмеуі тиіс. Өйткені біздің басты міндетіміз — оқиғаларды баяндау, адам тағдырын жеткізу, қоғам үшін маңызды мәселелерді көтеру. Айтар әңгіме ешқашан таусылмайды. Адамзат өмір сүріп тұрған кезде журналистиканың да миссиясы жалғаса береді.
Иә, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерімен бірге қауіптері де бар. Мәселен, дипфейк технологиясы арандату және алаяқтық мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Бұл ретте ақпарат көздерінің құпиясын сақтау мен жеке деректерді қорғау маңызды міндет.
НЕЖАТ УНСАЛ, SMART ADVANCED TECHNOLOGIES & INNOVATION INC. БАС ДИРЕКТОРЫ:
Қазір технологиялар журналистикаға да ықпал етіп жатыр. Бірақ бұл саланың мамандары деректердің бұрмалануына немесе шындықты өзгертуіне жол бермеуі тиіс. Өйткені ең маңыздысы — сенім. Адамдар жаңалықтар мен бұқаралық ақпарат құралдарына сенген кезде ғана бұл ақпаратты қабылдайды.
2017 жылы алғаш рет ұйымдастырылған форум Қазақстан мен Орталық Азиядағы маңызды медиа алаңдардың біріне айналды. Сол уақыттан бері елдегі бұқаралық ақпарат құралдарының саны 2,5 мыңнан 5,5 мыңға жуықтады. Сондықтан ақпарат ағыны тасқындаған шақта дәстүрлі БАҚ пен цифрлық платформалар үшін сапалы контент пен ақиқатты ажырату басты міндет болып қала бермек. Ауқымды форум 16 қазанға дейін жалғасады.