Әлемдік көлік-логистика саласының көшбасшылары Астанада бас қосып, Еуразияның транзиттік болашағын талқылауға кірісті. «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумына келген 40-тан астам елдің өкілдері логистиканы цифрландыруға, жасанды интеллектіні енгізуге және шекарадан өту рәсімдерін оңтайландыруға басымдық беріп отыр. Сондай-ақ жүк ағындарын басқару тиімділігін арттыру, халықаралық тасымалдарды оңтайландыру мәселелері бойынша өз ұсыныстарын да ортаға салуда.
ДАМИР ҚОЖАХМЕТОВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
2026 жылы министрлік көлік саласына жасанды интеллектіні енгізу бағытында бірқатар маңызды шараны қолға алды. Соның бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан Smart Cargo жобасы. Қазіргі уақытта жоба шеңберінде логистиканы мониторингтеу орталығы мен бірыңғай цифрлық платформа құрылуда. Бұл жүйе жүк тасымалын үйлестіруге, деректер алмасуды оңтайландыруға және шекаралық өткізу бекеттерінен өту рәсімдерін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі транзиттік әлеуетін арттыруда Қытаймен әріптестіктің орны бөлек. Көрші елден келген делегация арадағы байланыстың маңыздылығына тоқталып, сауда-саттықты дамытуда ортақ транзиттік бағыттардың орны ерекше екенін атап өтті.
ЧЖАН ВЭНЬЮЙ, ҚЫТАЙ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
Қытай мен Қазақстан арасында өзара ынтымақтастық жақсы жолға қойылған. Екі ел — көршілес мемлекеттер. Біздің көлік жолдарымыз да өзара тығыз байланысқан. Қытайдан Қазақстанға көптеген жүк жеткізіледі. Сондай-ақ Қазақстан арқылы басқа да елдерге тасымалданады. Сондықтан екі елдің көлік және логистика саласындағы ынтымақтастығы өте маңызды әрі мәні зор деп есептеймін.