Енді Еуропаға Каспий арқылы шығамыз. Еліміз бен Әзербайжан арасын жалғап тұрған қарт теңіздің астымен талшықты-оптикалық желі іске қосылды. Түсініктірек айтсақ, енді ақпарат пен деректерді электр сигналдары арқылы емес, жарық импульстерінің күшімен жеткізіп, жоғары жылдамдықта байланыс орната аламыз. Екі жағалауды жалғайтын жаңа байланыс жолы бүгін ашылды. Әзербайжан еліне Президенттің жұмыс сапарынан тағы қандай жаңалық бар?
Каспийдің екі жағалауын жалғайтын жаңа байланыс жолы ашылды. Қазақстан мен Әзербайжан теңіз түбімен өтетін талшықты-оптикалық желіні іске қосты. Ақтау мен Сумгаит арасындағы бұл кабель еліміздің Еуропаға шығатын тағы бір цифрлық бағытына айналмақ. Жоба екі мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асты. Енді Қазақстан халықаралық интернет байланысында бір ғана жолға тәуелді болмай, балама бағытты пайдалана алады.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Каспий – Қазақстан мен Әзербайжанды бөліп тұрған теңіз ғана емес, екі елді жалғайтын маңызды стратегиялық көпірге айналды. Бұған дейін осы бағытпен мұнай мен жүк тасымалданса, енді цифрлық деректер де өтпек. Демек, көршілес екі мемлекеттің әріптестігі жаңа технологиялық деңгейге көтеріліп жатыр.
Бұл бастама Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жетінші саммитінде де сөз болды. Мемлекет басшысы цифрлық инфрақұрылымды дамыту мен елдер арасындағы байланысты нығайтудың маңызына тоқталды. Каспий арқылы тартылған жаңа желі осы бағыттағы нақты жобалардың бірі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгін Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбімен өтетін Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін бірлесіп іске қосып, маңызды белесті бағындырып отыр.
Бұл істің артында 19 айлық тынымсыз еңбек жатыр. Мамандар алдымен теңіз түбін зерттеп, арнайы кабель дайындаған. Оны су астына төсеуге 20 ұйымнан 200-ден астам адам жұмылдырылып, жүзден аса техника пайдаланылған. Жаңа желі секундына 400 терабиттен астам ақпарат өткізуге есептелген. Яғни алдағы жылдары интернетті пайдаланушылар мен дерек көлемі көбейген жағдайда да желінің қуаты жеткілікті болмақ.
БАҒДАТ МУСИН, «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Бұрын біз тауарларды тасымалдайтын болсақ, газды, 20-ғасыр басталғалы мұнай тасымалдап жатырмыз. Енді цифрлық заманда цифрлық деректерді де тасымалдауға, логистиканы қамтамасыз етуге жұмыс істеп жатырмыз.
Ал мұның ел экономикасына берер пайдасы қандай? Әлемдегі ірі технологиялық компаниялар деректерін сақтайтын орталықтарды кез келген мемлекетте сала бермейді. Олар үшін интернеттің тұрақты жұмыс істеуі және бірнеше тәуелсіз байланыс жолының болуы маңызды. Қазақстан осы талаптарға сай келетін инфрақұрылым қалыптастырып, шетелдік инвесторларға жаңа мүмкіндік ұсынбақ.
БАҒДАТ МУСИН, «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Осы кабель бізге технологиялық алып компанияларды алып келуге ықпал етеді. Амазон, Майкрософт, Нвидиа бар. Құны триллиондық компаниялар. Бірақ олар бізге талап қояды. Тәуелсіз бағыттар болуы керек. Сондықтан осы алыптарды тарту үшін, дата-центрлерді құру үшін, біз өзімізге міндеттеме алдық, біз жаңа бағыттарды қалыптастырамыз.
Ендігі міндет – жаңа желіге халықаралық тұтынушыларды тарту. Өйткені Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға жөнелтілетін ақпарат Қазақстан арқылы өте алады. Болжам бойынша, 2036 жылға қарай осы бағытпен секундына 21,6 терабит дерек тасымалдануы мүмкін. Демек, еліміз ақпарат жеткізу қызметінен де табыс табуға мүмкіндік алады.
ҚЫРМЫЗЫ ЖАНДОС, ТІЛШІ:
Бүгінде ел байлығы тек жер қойнауындағы қазынамен өлшенбейді. Ақпарат та құнды тауарға айналған. Оны жылдам әрі қауіпсіз жеткізе алған мемлекеттің әлемдік нарықтағы мүмкіндігі мол. Каспий түбіне тартылған кабель Қазақстанға осы бәсекеде өз орнын табуға жол ашпақ.