Шіркін, адамзат тек осындай жасампаздықпен, болашаққа бағытталған жарқын жобалармен ғана айналысса ғой… Бірақ, өкінішке қарай, шынайы өмір мүлдем басқа. Әлемнің әр түкпірінде қақтығыстар толастар емес, табиғи апаттар мен халықтың наразылығы да өршіп тұр.
Соғыстың оты өшпеді
Палестиналықтар Хан-Юнистегі Израильдің әуе соққысынан қаза тапқандармен қоштасты. Израиль әскерилері бұл шабуыл аймақтағы содырларға бағытталған деп мәлімдеді. Тараптар 2025 жылы жасалған атысты тоқтату туралы келісімнің бұзылуына бір-бірін айыптауда. Газаның денсаулық сақтау өкілдерінің мәліметінше, бітімгершілік орнағалы бері 1500-ға жуық палестиналық мерт болған.
ИСМАИЛ КИШТА, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:
Соғыс әлі жалғасып жатыр. Тоқтаған жоқ. Бомбалау толастар емес, қаза тапқандар саны артты. Бұл тек сөз жүзіндегі бітім ғана. Қазіргі жағдай бұрынғыдан да қатты болып тұр.
Ал БҰҰ-дағы Палестина елшісінің орынбасары Маджед Бамия бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күрес тоқтамайтынын жеткізді. Ол Израильді халықты жақындарын аза тұту құқығынан айырып, соғыс салдарын ауырлатып отыр деп айыптады.
МАДЖЕД БАМИЯ, БҰҰ-ДАҒЫ ПАЛЕСТИНА ЕЛШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз өзімізді қорғау, әділдік іздеу құқығымыздың жоқтығымен келісуіміз керек пе? Сонда тек үнсіз өлу құқығы ғана қалды ма? Осыған дейін шектен тыс төзімділік таныттық, бірақ бізді басып-жаншып отырған билікке болашағымызды байлап бермейміз. Бұл түрімен бейбітшілік орнамайды, тек құрдымға кетеміз.
Біріккен Ұлттар Ұйымы қыс мезгілі жақындаған сайын Газадағы гуманитарлық дағдарыстың одан әрі ушығып кетуі мүмкін екенін ескертіп, дабыл қағуда. Газаны қалпына келтіру және қақтығысты тоқтату жөніндегі келісімнің орындалу процесі баяу жүріп жатыр.
Ыстанбұлдағы су тасқыны
Ыстанбұлда толассыз жауған жаңбырдың салдарынан үш адам қаза тауып, 2700-ден астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Қаланың қос ауданы қатты зардап шекті. Өзен арнасынан асып, көшелерді су басса, ағызып әкелген көліктер жолды жауып тастаған. Билік өкілдері тағы 5 адамның із-түзсіз жоғалғанын мәлімдеді. Алайда кейбір тұрғындар бұл апатқа табиғат емес, жергілікті билік кінәлі деп отыр.
АСИЕ КУКУКОСМАН, ТҰРҒЫН:
Үйімнің су астында қалуына кәріз жүйесінің кесірі тиді. Бұған муниципалитет кінәлі. Олар бірнеше күн бұрын ескерту жасаған еді, онда неге басты құбырларды тазартпаған? Келіп, өз көздеріңізбен көріңіздер. Дәретханадан көтерілген лас су бүкіл үйді басып, барлық дүнием жарамсыз болып қалды.
Қазіргі таңда Аязаға ауданындағы көшелерді қалың балшық басып қалған. Жергілікті кәсіпкерлер мен коммуналдық қызмет жұмысшылары аумақты тазарту жұмыстарына кірісті. Ал Кяғытхане өзені маңында орналасқан кәсіпорындар мен жүк көліктері де толығымен су астында қалған.
Үнді жастары үнсіз қалмады
Үндістанның оппозициялық Конгресс партиясының мүшелері, студенттер мен жастар ұйымдары Нью-Делиде наразылық акциясын өткізіп, полицияны шерушілерге қатыгездік танытты деп айыптады. Үндістанның Ұлттық студенттік одағы мен Үндістан жастар конгресінің белсенділері Парламент көшесіндегі полиция бөлімшесінің маңында ұрандатып, жалауларын желбіретіп шеруге шықты. Оппозициялық топтар сайлаушылар тізімін қайта қарауға байланысты бас сайлау комиссарының отставкаға кетуін талап етіп, күн сайын дерлік шерулер өткізуде.
ШЕРУШІ:
Бұл наразылық ұзаққа созылады, бұдан да күштірек болады, ал бас сайлау комиссары кетсін. Премьер-министр Нарендра Моди Үндістан халқының алдында жауап беруі керек. Біз Үндістан халқымыз, біз жастармыз, біз Үндістанның болашағымыз. Ел болашағына қатысты мәселеде мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды.
ШЕРУШІ:
Қамауға алынғанымыз бізге еш әсер етпейді. Дели полициясының бейбіт шерушілерді ұрып-соғуын қатаң айыптаймыз. Біз бұған төзбейміз. Қорқытып-үркітуге жол бермейміз.
Наразылық білдірушілер мен қауіпсіздік қызметкерлері арасында қақтығыстар жиілеп, шерушілерді автобустарға күштеп мінгізді. Конгрестің жастар қанатының басшысы полицияның күш қолдану әрекетін айыптап, олардың наразылық акцияларын әрі қарай да жалғастыра беретінін мәлімдеді.
Албандар билікке қарсы шықты
Албания астанасы Тиранада мыңдаған студент полициямен қақтығысып, билікте 14 жыл отырған премьер-министр Эди Раманың отставкасын талап етті. Шеру барысында қоқыс жәшіктері өртеніп, ғимараттардың терезелері шағылды. Тәртіп сақшылары наразы топты тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен су шашатын көліктерді қолданды.
МИГЕРТА ДЕМАЛИЯ, ШЕРУШІ:
Біз Эди Раманың кеткенін қалаймыз. Ол бізді түсінсе екен дейміз. Әбден мезі етті, барлығының шыдамы таусылды. Біз тек оның қызметтен кетуін сұраймыз. Бар қалауымыз осы.
АЛБИН ДАШИ, ШЕРУШІ:
Албанияда жастардың болашағы жоқ. Егер ештеңе өзгермесе, мен елден кетемін. Қайтып оралмауым да әбден мүмкін.
Шерушілер билікті жемқорлыққа батып, білім беру саласына немқұрайлы қарады деп айыптауда. Сондай-ақ халық оңтүстік жағалаудың элиталық курорт салу үшін сатылуына наразы. Алайда үкімет басшысы отставкаға кетуден бас тартты. Айта кетейік, бұл көрініс Еуропаны шарпыған жалпы студенттік толқулардың бір бөлігі. Бұған дейін Францияда да оқушылар мен студенттер білім беру жағдайын жақсартуды талап етіп, бірнеше апта бойы наразылық акцияларын өткізген болатын.
Колумбиядағы наразылық
Колумбия астанасы Боготада мыңдаған адам президент Абелардо де ла Эсприэлья үкіметіне қарсы алғашқы ірі наразылық акциясына шықты. Мемлекет басшысының қызметке кіріскеніне небәрі екі ай болған. Шеруді кәсіподақтар мен оппозициялық коалиция ұйымдастырған. Наразы топ жаңа үкіметтің жұмысшылар құқығын шектейтін шешімдеріне қарсылық білдіруде.
ПЕРСИ ОЙОЛА, КӘСІПОДАҚ ТӨРАҒАСЫ:
Олар ең төменгі жалақының нақты құнын төмендетіп, алдыңғы үкімет қабылдаған еңбек реформасы туралы тоғыз қаулының күшін жоймақшы. Сонымен қатар бізде түрлі еңбек даулары әлі де шешімін таппай отыр.
Наразылық акциясы президент қоғамдық қозғалыстар мен шеру кезіндегі полицияның араласуын реттейтін жаңа заңға қол қойғаннан кейін басталды. Оппозиция бұл құжатты конституцияға қайшы деп танып, сотқа жүгінбек. Ал үкімет жаңа ережелер бейбіт шерулерді қорғап, қаладағы тәртіпсіздіктердің алдын алуға бағытталған деп мәлімдеді.